Ер адамның басынан үлкен "мүйіз" сәтті алынды

Ресейдің Набережные Челны қаласында ер адамның басынан ұзындығы 11 см-ге жеткен алып кератома — халық арасында «дьявол мүйізі» деп аталып кеткен түзіліс — сәтті алынып тасталды,деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы Shot Telegram-арнасы жазды.
Аурухана мәліметінше, науқас бұл жаңадан пайда болған түзіліспен 2022 жылдан бері өмір сүріп келген. Бастапқыда «мүйіз» оны аса мазаламағанымен, уақыт өте келе ол айтарлықтай үлкейіп, қатты ауырсыну тудырып, ұйқыны бұзған. Осыдан кейін ғана ер адам дәрігерге жүгінуге мәжбүр болған.
Ота жасауды Набережные Челны қалалық №5 ауруханасының тамыр хирургi Рузиль Хурматуллин жүргізді. Оның айтуынша, бұл — 25 жылдық тәжірибесінде алғаш рет кездескен ерекше жағдай.
"Кератомалар, яғни 'дьявол мүйіздері', әдетте шағын көлемде болады және қауіп төндірмейді. Бірақ бұл жағдайда ол 11 см-ге дейін өсіп, жарақаттанған жағдайда қатерлі ісікке айналуы мүмкін еді", – деді хирург.
Дәрігерлер кератоманы толық алып тастап, оның қайта өсуіне жол бермеу үшін зақымданған жерді арнайы әдіспен күйдірген. Қазіргі уақытта науқас өз үйіне шығарылып, жақындарының қасында оңалып жатыр.
Соңғы жаңалықтар





