Ерлан Қарин қоғамдағы тәртіп пен құндылықтар мәселесін көтерді
Қазақстанның ішкі саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі – Конституцияда бекітілген құндылықтарды қоғамға түсіндіру және оларды күнделікті өмірде орнықтыру, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Ерлан Қарин төрағалық еткен идеологиялық кеңес отырысында айтылды.
Жиынға Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен орталық мемлекеттік органдардың жауапты өкілдері қатысты.
Отырыста ішкі саясат саласындағы бірнеше негізгі бағыт талқыланды. Соның алғашқысы – конституциялық құндылықтарды жүйелі түрде насихаттау.
Ерлан Қариннің айтуынша, Конституцияда белгіленген қағидаттар Президенттің елді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған реформаларының негізгі өзегін құрайды. Сондықтан мемлекеттік саясатта заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге, қоғамдық бірлікті нығайтуға, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға басымдық берілуі керек.
Сонымен қатар мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны дамыту, қоршаған ортаны қорғау, еңбекке құрметпен қарау, қоғамда әлеуметтік оптимизм мен жауапты әрі жасампаз патриотизмді қалыптастыру мәселелеріне ерекше мән берілетіні айтылды.
Ерлан Қарин бұл бағыттағы жұмыстың негізгі құжаттары ретінде Мемлекет басшысының ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы Жарлығын және Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын атады.
Кеңесте қаралған екінші маңызды бағыт – қоғамда жаңа этикалық нормаларды қалыптастыру. Оның ішінде адамдардың қоғамдық орындардағы тәртібінен бастап, қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы мәдениетті арттыру мәселелері қамтылды.
Сондай-ақ қоғамға жат құндылықтар мен мінез-құлық үлгілерінің таңылуына, қоғамдық өмірдің архаизациялануына және тарихты бұрмалап түсіндіруге жол бермеу қажеттігі айтылды.
Бұл ретте «Заң және тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» жобасын және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызы атап өтілді.
«Таза Қазақстан» бастамасын кең көлемде дамыту үшін жаңа тәсілдер ұсынылды. Атап айтқанда, бірыңғай цифрлық платформа құру, өңірлердің тазалығы бойынша рейтинг енгізу, тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу және Қазақстандағы көгалдандыру жұмыстарының онлайн картасын жасау мәселелері қаралды.
Үшінші бағыт ішкі саясат саласындағы стратегиялық құжаттарды сапалы жүзеге асыруға арналды. Олардың қатарында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы, діни саладағы мемлекеттік саясатты дамыту тұжырымдамасы, мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы бар.
Сонымен бірге Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленіп жатқан «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы мен этносаралық қатынастарды және қоғамдық келісімді дамытуға арналған жаңа тұжырымдаманы уақытылы дайындау қажеттігі айтылды.
Ерлан Қарин ішкі саясаттағы барлық бастаманың Президенттің реформаларын ақпараттық және идеологиялық тұрғыдан сүйемелдеумен тығыз байланыста болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, барлық жалпыұлттық жобалар елді жаңғыртудың бірыңғай бағытымен үйлесуі қажет.
Жиын соңында ішкі саясат саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелеу, ортақ талаптар мен нақты тәртіптерді қалыптастыру және азаматтардың сұранысына тиімді жауап беру қажеттігі айтылды.
«Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың сұранысына тиімді жауап беру, жасампаз күн тәртібі мен жаңа конституциялық құндылықтарды ілгерілету, Президент бастамаларының сапалы әрі тиімді жүзеге асуын қамтамасыз ету», – деді Ерлан Қарин.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруға қатысты бірқатар тапсырма берілді.
Соңғы жаңалықтар