Ертісте қайық апатынан кейін жоғалған азаматтың денесі табылды
Ертіс өзенінде қайық аударылғаннан кейін жоғалып кеткен 43 жастағы ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бірнеше күнге созылған іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды.
Қайғылы жағдай 12 қыркүйекте болған. Өзенде бес адам отырған алюминий қайық аударылып кеткен. Төрт адам өз бетімен жағаға шығып үлгергенімен, 1983 жылы туған азаматтан хабар болмаған.
Жоғалған ер адамды іздеуге құтқарушылардан бөлек оның туыстары мен еріктілер де жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарын үйлестіру үшін арнайы жедел штаб құрылған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ер адамның денесі қайық аударылған жерден шамамен 4 шақырым қашықтықтан табылған.
Іздеу барысында құтқарушылар Ертіс өзенінің екі жағалауы бойымен ағыс бағытымен және оған қарсы жалпы 272 шақырым аумақты тексерген. Сүңгуірлер суға 28 рет түсіп, өзендегі алты учаскеде суға құлаған ағаштардың арасын зерттеген. Сонымен қатар эхолот арқылы өзен түбі тексеріліп, оң жағалаудың 93 шақырымы жаяу қаралған.
Соңғы жаңалықтар