Есірткімен "күрескен" Асқар Жетегенов 18 жылға сотталды

10.08.2026 10:45 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Есірткімен
135
Фото: t.me/kozachkow

Алматыда есірткі өндірушілерді қорғап, жеке зертханасын басқарған бұрынғы құқық қорғау қызметкерлерінен құралған қылмыстық топқа сот үкімі шықты. Бұл туралы тамыздың 4 күні журналист Михаил Козачков хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты есірткі тасымалына көмектескен бұрынғы полицейлер мен олардың сыбайластарына үкім оқыды. Сот кабинетінің базасында бұл іс "жариялауға жатпайды" деп көрсетілгендіктен, оның толық мән-жайын білу мүмкін емес. Дегенмен тергеу нұсқасы бойынша бұл қылмыстық топ синтетикалық заттарды өндірушілер мен таратушыларды қалқалап қана қоймай, өздерінің жеке есірткі зертханасын да басқарған.

Істегі ең басты фигурант ретінде Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Асқар Жетегенов аталды және ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Подполковник шені бар бұрынғы жоғары лауазымды қызметкер мансабын аға жедел уәкіл ретінде бастап, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде полиция ғимараты мен «Алматы Арена» маңында қоғамдық тәртіпті қорғауға қатысқан екен. Алайда 2024 жылдың қазан айында Ішкі істер министрлігіндегі кезектен тыс аттестациядан өте алмай, қызметіне лайықсыз деп танылып, жұмыстан шығарылған. Ал сол жылдың желтоқсан айында оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның жедел-тергеу тобы ұстаған болатын.

Онымен бірге қылмыстық топтың өзге де мүшелері түрлі мерзімге жаза арқалады. Атап айтқанда Ринат Әділбеков пен Сухраб Розиев 17 жылға қамалса, Әлішер Атабаев пен Кирилл Дорошенко 16 жылға сотталды. Ал Әлішер Резаев пен Азяр Бабаевтың әрқайсысына 15 жыл бір ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Бұдан бөлек Аллахверди Кәрімов 9 жылға, ал Абзал Жайшыбеков 3 жылға темірторға жабылды.

Іс фигуранттарының тағы үш мүшесіне рақымшылық заңы қолданылған. Соның нәтижесінде Дәулетжан Бегімбетов пен Жанайым Бегімбетова 7 жыл 6 айға сотталса, Тимур Түрікменбаев 2 жылға бас бостандығынан айырылып, істің мән-жайы ескеріле отырып сот залынан бірден босатылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий