Резонансты іс қайта қаралды: Алматының бұрынғы бас сәулетшісіне жаңа үкім шықты

Резонансты іс қайта қаралды: Алматының бұрынғы бас сәулетшісіне жаңа үкім шықты

Алматы қаласының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджанов пен тағы бес айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтемемен.

Іс бірінші үкімнің күші жойылғаннан кейін қайта қаралып, сотталушыларға түрлі мерзімге жаза тағайындалды.

Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа жәрдемдесу және ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар Ахмеджановқа мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Бұған дейін прокурор оны 10 жылға соттауды сұраған еді.

Іс бойынша басқа айыпталушыларға да жаза тағайындалды. Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал жерге орналастыру бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Жармұханбетов 13 жылға сотталды.

Бағалау компаниясының директоры Алмасхан Бәкіровке 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Мұханбеталы Шалқарбеков пен Берік Өскембаев аса ірі мөлшердегі алаяқтық бойынша кінәлі деп танылып, рақымшылыққа байланысты олардың жаза мерзімі 5 жылдан 4 жылға дейін қысқартылды. Алайда сот бұл екеуіне тағайындалған жазаны шартты деп есептеп, пробациялық бақылау орнату туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, бұл – іс бойынша екінші сот талқылауы. 2025 жылғы 17 ақпанда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алты айыпталушыны кінәлі деп таныған болатын. Ол кезде Ахмеджанов 11 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Алайда 2026 жылғы 25 ақпанда апелляциялық алқа бірінші үкімнің күшін жойды. Бұған сот тергеуінің толық жүргізілмеуі және процессуалдық кемшіліктер себеп болған. Сондай-ақ сотталғандардан 6 миллиард 404 миллион теңгеден астам қаражатты өндіру туралы азаматтық талапқа қатысты жеке қаулының күші жойылды. Кейін іс қайта қарау үшін прокуратураға жіберіліп, жаңа айыптау актісімен сотқа қайта жолданды. Екінші сот процесі биыл сәуірде басталды.

Үкім жарияланар алдында Ахмеджанов өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, тергеу оған іс жүзінде болмаған өкілеттіктерді теліген. Сонымен қатар ол сотта денсаулығына қатысты күрделі мәселелер бар екенін айтып, жүрегіне тағы бір ота жасалуы мүмкін екенін жеткізген.

Сот шешіміне сәйкес, Ахмеджановтың жазасын өтеу мерзіміне 2023 жылдың шілдесінен бері қамауда болған уақыты есептеледі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу