Ет бағасы тағы да шарықтады: министр себебін түсіндірді

04.08.2026 12:56 Әсел МҰРАТ
Ет бағасы тағы да шарықтады: министр себебін түсіндірді
145
Фото: ашық дереккөз

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкіметтегі брифинг барысында Қазақстандағы ет бағасының қымбаттауына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналистер министрге соңғы уақытта ет өнімдерінің бағасы қайта өскенін көрсететін статистикалық мәліметтерді ұсынды. Атап айтқанда, бір жыл ішінде ең көп қымбаттаған өнімдердің қатарында қой еті бар. Оның орташа бағасы 27,7 пайызға артқан. Сонымен қатар сиыр еті, тартылған ет және тауықтың сан еті де қымбаттаған.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, қазіргі таңда ет бағасында өсім байқалғанымен, жағдайды күрт қымбаттау деп бағалауға болмайды. Оның сөзінше, ең маңыздысы – нарықта ет өнімдері жеткілікті.

«Иә, ет өнімдерінің бағасында белгілі бір динамика бар екенін көріп отырмыз. Қазір баға өсімі байқалады, алайда ол қалыпты деңгейде. Ең бастысы – нарықта ет бар. Мәселен, өткен демалыс күндері жүргізілген мониторинг кезінде сиырдың жілік етінің бір келісі 3 700 теңге болды. Сауда желілерінде оның бағасы сәл жоғары», – деді министр.

Министр ет бағасының өзгеруін өнімге деген сұраныстың артуымен байланыстырды. Оның айтуынша, әлемнің көптеген елінде сиыр етіне деген тұтынушылық сұраныс айтарлықтай өскен.

«Біз жаһандық үдерістерден тыс өмір сүріп жатқан жоқпыз. Мысалы, Өзбекстанда етке сұраныс артса, біздің кәсіпкерлер де осы нарыққа назар аударады. Ал Парсы шығанағындағы жағдай қой еті бағасының өзгеруіне әсер етті», – деп түсіндірді Арман Шаққалиев.

Сонымен бірге министр қазіргі уақытта ет бағасының күрт әрі бақылаусыз өсімі байқалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бағада өзгерістер болғанымен, жалпы жағдай тұрақты. Бұдан бөлек, мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында ешқандай іркіліс жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий