Феншуй маман: Аман Тасығанға менен сұқбат алғаны үшін 2 млн төледім
Фэншуй маманы Ирина Раззах танымал жүргізуші Аман Тасығанның подкастына 2 миллион теңге төлеп қатысқанын, бірақ сұқбат мазмұны көңілінен шықпағанын айтты. Оның сөзінше, журналистің қойған сұрақтары кәсіби талаптарға сай келмей, жеке өмірге тиісуге ұласқан, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ирина Раззах "Жұлдыздар сөйлесін" подкастында әңгімеледі.
«Өз басым сарапшыларды зерттеп, ақша төлемес бұрын, олардың аудиториясын тексеремін. Ютуб арнасында 536 мың, Инстаграмда 160 мыңдай жазылушысы бар екенін көрген соң, «бізге кемінде 5-10 мыңдай аудитория келеді, позициямызды айтуға мүмкіндік болады» деп ойладым. Подкаст жасау – бұл менің бизнесіме жасаған инвестициям, сондықтан бұның ешқандай жасыратын түгі жоқ. Аман Тасығанға барған соң, 2 миллион теңге беріп тұрғанымызды, оның орнына фэн-шуй және басқа да белгілі бір тақырыптарды ашқымыз келетінін айттық. Бұған қарамастан, ол өз бойын жоғары ұстап, ешқандай қызмет етуді білмейді екен. Мықты маман деп сенім арттым. Бейберекет сұрақтар қойып, бізді тек төмендетуге немесе хайп тудыратын сөздерге айдауға тырысты. Мен мұндай нәрсеге дайын емеспін, өйткені ертең заң алдында жауап беретін – мен. Сондықтан журналистердің жемі болғым келмейді. Оларға тек хайп керек, ал кейін барлық жауапкершілік сұқбат берген адамға жүктеледі», – деді Ирина Раззах.
Сондай-ақ маман ірі сомада ақша алатын блогерлер мен журналистердің жауапкершілігіне тоқталып, шетелдік әріптестерінің жұмыс істеу тәжірибесін мысалға келтірді.
«Адамгершілік позициясы болуы керек. Егер біреуден 2 миллион теңге алсаң, «мен бұл адамға не бере аламын, бергім келмесе не істеймін?» деп ойлану қажет. Мысалы, Қытай блогерлері жарнама жасамас бұрын, алдымен аудиторияның қабылдауын тексеріп, содан кейін ғана ақша бойынша келіседі», – деді феншуй маман.
Сонымен бірге Ирина Раззах подкаст барысында өзіне қойылған ыңғайсыз сұрақтарды ашық айтып, бұл жағдайды кәсіби әдепке жатпайтын әрекет ретінде бағалады.
«Аман Тасығанның тарапынан маған ыңғайсыз, тіпті аяқтан шалуға бағытталған сұрақтар қойылды. Ол маған «Бірінші некедегі балаларыңыз махаббатсыз туды ма?» деген сұрақ қойды. Мен мұндай сұраққа не деп жауап берерімді білмей қалдым. «Махаббатпен туды» десем, «онда неге ажырастың?» дейді, «махаббатсыз» десем, ол балаларыма қалай әсер етеді? Одан кейін ол «Өміріңізде түнгі махаббат бар ма?» деген сұрақ қойды. Мен қарқылдап күлдім. Менің өмірімде түнгі махаббаттың бар-жоғының жұртқа қандай қатысы бар? Мені жезөкше қылып шығарғысы келе ме? Әлде періште етіп көрсеткісі келе ме?» – деді Ирина Раззах.
Соңғы жаңалықтар