Франциялық теннисші қазақтың ұлттық киімін киіп Венада серуендеді

Белгілі француз теннисшісі Корентен Муте Instagram парақшасында өзінің команда мүшесімен бірге Вена көшелерінде серуендеп жүрген күлкілі видеосын бөлісті. Ең қызығы - спортшы қазақтың ұлттық киімін киіп алған, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әлемдік ATP рейтингінде 36-орында тұрған Муте өткен аптада Алматыда өткен турнирдің финалында өнер көрсетіп, ресейлік Даниил Медведевке есе жіберген болатын. Алайда марапаттау рәсімінде ол кубок пен жүлдеден бөлек, дәстүрлі қазақ киімін - шапан мен бас киім алған.
Марапаттау кезінде француз спортшысы ұлттық киімді қысқа ғана уақыт киген еді. Дегенмен, оның Австриядан жариялаған жаңа stories-інен байқағандай, бұл сыйлық оған ұнаған сияқты. Видеода Муте қазақтың бас киімін киіп Вена көшесінде серуендеп жүр, ал шапанды оның команда мүшесі киіп бара жатыр.
Алматыдағы финалдық матч үш сетке созылып, Медведевтің пайдасына 7:5, 4:6, 6:3 есебімен аяқталды. Кездесу 2 сағат 38 минутқа созылды.
Сондай-ақ Муте Алматыда жүрген кезінде Instagram-да атқа мінген суретін жариялады болатын.
Соңғы жаңалықтар





