Ғалым: Nomad сөзіне қарсымын, Батыс бізді өркениеті жоқ ел қылып көрсеткісі келеді

09.07.2026 14:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ғалым: Nomad сөзіне қарсымын, Батыс бізді өркениеті жоқ ел қылып көрсеткісі келеді
53
Фото: Видеодан скриншот

Дінтанушы, ғалым Досай Кенжетай өзінің "номад" (көшпелі) ұғымына неліктен түбегейлі қарсы екенін түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ғалымның пайымдауынша, бұл атаудың астарында батыс ғалымдарының қолдан жасаған жымысқы теориясы жатыр. Ол теорияның басты мақсаты — біздің тарихымызда уақыт пен өркениеттің мүлдем болмағанын мәжбүрлі түрде мойындату. Досай Кенжетай бұл өзекті ойын Айнұр Асанбердінің «Әңгіме бар» YouTube-подкастында егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Бізді әлі күнге дейін "номад" деп атайды. Егер мен тек "номад" болсам, өркениетті қалай қалыптастырмақпын? Көшпелі қауым мұндай ұлы істі атқара алмайды. Сонда мен артыма қалайша өшпес жазу қалдырдым? Руна жазуын қалай дүниеге әкелдім? Барлығы бұл ұғымға берілген анықтаманың аясына келіп тіреледі. Егер еуропацентристік көзқараспен, яғни "номад" деген түсінікпен қарайтын болсақ, біздің болмысымыз ретсіз, жүйесіз әрі берекесіз болып көрінуі тиіс. Олардың пайымында көшпелілерде шекара да, құқық та, моральдық-аксиологиялық және құқықтық нормалар да болмаған. Ал шекарасы жоқ жұртта мемлекет те болмайтыны белгілі. Олар "көшпелі" деген сөзді дәл осындай мағынада қолданады», — деді ғалым.

Сондай-ақ ол отандық ғалымдардың да осал тұсын ашып көрсетті. Оның пайымдауынша, біздің зерттеушілер батыс ғалымдары таңған жасанды теорияларға лайықты деңгейде қарсы тұра алмай келеді.

«Бүгінгі таңда батыс ғалымдарының осы бір жасанды теориясы бізде уақыт пен өркениеттің болмағанын мәжбүрлі түрде мойындатқысы келеді. Тіпті, "Түркі өркениетінде тіл де, шекара да болмаған" деген тұжырымды алдымызға тартады. Ғылыми теория ретінде ұсынылғаннан кейін, кейбір ғалымдарымыз оған қарсы тұра алмай, бас шұлғып мойындауға мәжбүр болады. Бірақ бұл — мүлдем қате пайым. Бұл — баяғы еуропацентризм инерциясының бүгінгі жалғасы», — деді Досай Кенжетай.

Дінтанушы кеңес өкіметі тұсында да Қазақстан тарихының мақсатты түрде көп бұрмаланғанын тілге тиек етті.

«Кешегі кеңес үкіметі тұсында этногенез бен этнология ғылымдары үстемдік етті. Солардың еңбектерін парақтап отырсаңыз, бізде мемлекеттіліктің де, әділет ұғымының да болмағанын айтады. Ал әділет деген тек мемлекет бар жерде ғана салтанат құратын құндылық емес пе? Олардың пайымынша, бізде сот та, жүйе де болмаған. Себебі бізді қайда көшетіні белгісіз, тұрақсыз жұрт ретінде көрсеткісі келеді. Мұндай көзқарастар менің ұлттық болмысымды, рухымды және бүкіл тарихымды таптап, жоққа шығарумен тең. Сондықтан да мен мына кітапты жазуға мәжбүр болдым. Біз — іргелі елміз, бірегей мәдениетпіз, тамыры терең ұлтпыз! Біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің 18 қабаты бар десек, соның әрбір қабатында Ислам дінінің асыл рухы жатыр. Ол рух біздің кеңістігімізде де, уақытымызда ерекше көрініс тауып, бабалар қалдырған жәдігерлерде сайрап тұр. Түркі өркениетінің негізінде терең мемлекеттілік қабаттар жатыр. Ал кез келген өркениеттің жәдігерлері тарихта мәңгі сақталып қалуы үшін, оның артында сөзсіз қуатты мемлекет тұруы шарт», — деді ғалым.

Войдите, чтобы оставить комментарий