Ғазиз Әбішев қазақ киносындағы цензураның қаупі туралы айтты
Саясаттанушы отандық кинодағы цензура мен рушылдық мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Белгілі сарапшы Ғазиз Әбішев соңғы кездері қызу талқыланып жатқан киносалаға қатысты шектеулер мен «Руың кім?» лентасының прокаттан алынуы төңірегінде өз ойын ортаға салды.
«Бір-екі ай бұрын Мәжілісте қазақ киносына шығармашылық цензура енгізу қажеттігі туралы мәселе көтерілген болатын. Ондағы мақсат – фильм кейіпкерлерінің былапыт сөйлеуін тыйып, тек мәдениетті диалог құруын қамтамасыз ету еді.
Осы аптада бұл тақырып басқа қырынан қайта қозғалды. Халық қалаулыларының бірі ұлттық кино рушылдық психологияны насихаттап жатыр деп дабыл қақты.
Депутат Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан прокатқа шығатын фильмдердің сценарийлерін эстетика, идеология және ұлттық бірлік қағидаттарына сәйкестігі тұрғысынан тексеретін тұрақты комиссия құруды ұсынды. Ол барлық салада «Біз қазақпыз» деген негізгі қағидатты ілгерілету қажет деп санайды.
Шынымды айтсам, киноға қатаң шығармашылық цензура енгізу қажеттігі әзірге аса үлкен қолдау немесе қуаныш тудырып отырған жоқ.
Біріншіден, бір жағынан алғанда, қазақстандық қоғамда қазақтарды жасанды түрде бөлу үрдістері бар екені рас. Арам пиғылды немесе мәселенің байыбына жете бойламайтын адамдар тіл, өмір салты, саяси көзқарас өлшемдерін пайдаланып, қазақтардың қалың ортасынан өздері «кемшін» деп тапқан бөлігін кесіп тастап, тек «таза» қазақтарды ғана қалдыруға тырысады. Міне, нағыз зиянды идеология осы. Оны іс жүзінде ұлттық бірлікке нұқсан келтіруді көздейтін алаяқтар қалыптастырып отыр. Өкінішке қарай, мұндай идеяларға саяси таптың, шығармашылық зиялы қауымның және азаматтық қоғамның кейбір өкілдері де дем беруде. Олар барған сайын кішірейе беретін, бірақ «ең нағыз» деп саналатын матрёшканы шығарудың шексіз циклін қолдап келеді.
Дегенмен, екінші жағынан, ру-тайпа секілді тарихи-мәдени феноменнің еркін айналымда болуы халық бірлігіне шынымен нұқсан келтіре ме деген сұрақ ғылыми зерттеуді талап етеді. Мен жастардан «Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады» деген нақты қағиданы жиі естимін. Қалай болғанда да, этномәдени бірегейліктің рулық бірегейліктен үстем тұратыны – факт. Бұл ішкі көші-қон процестері арқылы халықтың ұдайы араласуымен де қуатталып отыр.
Екіншіден, әдебиет пен кино – қоғамның ішкі диалогының формалары. Мәселе бар болса, оны жасыруға болмайды. Оларды ашық айтып, талқылау қажет. Барлық тарапқа сөз беріле отырып жүргізілген салиқалы, сыйластыққа құрылған диалог аясында түбінде ең дәлелді ұстаным жеңіп шығады. Ал «бәрінің аузын жабу» – әлсіздіктің белгісі.
Қазақтардың бірлігі рулық, тілдік, діни және саяси әралуандылықтан жоғары тұр және сол бірлік жеңеді. Алайда, мұндағы мәселе – барлық айырмашылықтарды жоққа шығарып, бәрін күштеп біріктіруде емес. Мәселе – рулық, тілдік, діни, саяси ерекшеліктердің барлығы жалпы ұлттық және азаматтық бірегейлікпен салыстырғанда екінші орында (қосалқы) деп қабылдануында. Ұлттық бірлік идеясының мәні де осында жатыр.
Үшіншіден, кинематографқа қатысты цензура оның дамуын тежейді. Ал шектен тыс цензура оны мүлдем құртып тынуы мүмкін. Бюрократия қашанда «бұранданы қысуға» (талапты біртіндеп қатайтуға) бейім тұрады. Ондайда қазақ киносының мазмұны жұтаңдап, уақыты созылған үгіт-насихат роликтеріне айналып кетуі ғажап емес, ал бұл ұлттық мәдениетке жасалған ауыр соққы болады. Одан да киноның кәсіби орта мен көрермен сынының әсерінен өзіндік эволюция жолымен дамуына мүмкіндік берген абзал», — деп жазды сарапшы.
Еске салайық, жуырда Tiger Films кинокомпаниясы режиссер Әсет Жұмақанның «Руың кім?» атты жаңа туындысын прокаттан мерзімінен бұрын алып тастауға мәжбүр болған еді. Сонымен қатар аталған фильмде рөл сомдаған актер Қайрат Әділгерей де осы мәселеге қатысты өз ойын білдірген.
Соңғы жаңалықтар