Германияда өлтірілген Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі өзіне тағылған айыптауларға жауап берді
Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі журналистермен тілдесті, деп хабарлайды Politico.kz.
Александр Донцов Baza басылымына сұхбат берді.
Ол Германияда әйелінің өліміне қатысы бар деген айыптауларға алғаш рет жауап беріп, бұрынғы қазақстандық судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне кінәсіз екенін айтты.
Донцовтың айтуынша, соңғы айларда өзі мен жақындары қатты қысымға ұшырап отыр: белгісіз адамдар қоңырау шалып, хат жазып, үйлеріне келіп, өздерін адвокат, полиция қызметкері, журналист ретінде таныстырған. Олар қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасап, Айгүлдің өліміне Донцовты кінәлайды.
Донцов өзіне тағылған барлық айыптауларды жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, әйелі қаза тапқан Германияда бұл іс бойынша қазір тергеу жүріп жатыр.
«Оған ешқандай айып тағылған жоқ және іздеу жарияланбаған. Сондықтан ол қызымен бірге Мәскеуге еркін кеткен. Қазір Ресей астанасында заңды түрде жұмыс істеп жүр және тергеу комитеті шақырғанда өзі барып жауап береді», – деп жазады басылым.
Донцовтың айтуынша, Айгүл 2024 жылдың 4 маусымында жоғалып кеткен. Ол жұбайын соңғы рет таңертең жұмысқа кетер алдында көрген. Ал кешке үйде тек кішкентай қызы болған, әйелі қоңырауларға жауап бермеген. Донцов бірден жоғалу туралы арыз жазып, іздеу жұмыстарына өзі де қатысқан. Айгүлдің мәйіті 16 маусым күні табылған.
Донцовтың сөзінше, бастапқыда оны куәгер ретінде сұрастырған, кейін Германия полициясы іс бойынша жәбірленуші ретінде өтіп жатқанын хабарлаған. 2024 жылдың күзінде ол пәтер жалдау мерзімі аяқталған соң және жергілікті жерде көмек болмағандықтан қызымен бірге Германиядан Ресейге кеткен. Кейін Германия прокуратурасынан басқа бір күдіктіге қатысты тергеу жалғасып жатқаны туралы хат алған, ол адаммен таныс емес екенін айтады.
Донцов сондай-ақ өзі айыпталушы ретінде өтетін жалғыз іс Қазақстанда «Азаптау» бабы бойынша қозғалғанын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл іс қолдан жасалған және Айгүлдің жақындарының берген уәждеріне негізделген. Донцов жұбайына ешқашан күш қолданбағанын алға тартады.
Ал қаза тапқан әйелдің туыстары мен қорғаушылары Германиядағы кісі өлтіру ісі бойынша негізгі күдікті Айгүлдің қайын енесі – бұрынғы тергеуші, заңгер Наталья Донцова екенін мәлімдейді. Ал Сайлыбаеваның туыстары мен достары «бақытты отбасылық өмір болды» деген пікірді де растамайды.
Ақпан айында Ресейдің Тергеу комитеті өлтірілген қазақстандық бұрынғы судьяның ісін тергеуді бастаған еді.
Еске сала кетейік, 2024 жылы маусымда қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған еді. Судьяның денесі табылғанға дейін оның Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.
16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кейін Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексерді. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді. Кейін оның енесі мен күйеуіне іздеу жарияланды.
Последние новости