Гүлжан Ерғалиева министр Балаеваның сөз бостандығы туралы сөзін сынға алды
Белгілі журналист, Elmedia жобасының негізін қалаушы Гүлжан Ерғалиева Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның соңғы мәлімдемесіне қатысты өткір пікір білдірді. Қаламгер вице-премьердің сөздерін халықаралық ұйымдар алдындағы ақталу пен үрей деп бағалады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ерғалиева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында министрдің сөздері жағасын ұстатқанын жасырмады.
«БҰЛ НЕ ҚЫЛҒАНЫ?
Мәдениет және ақпарат министрі, әрі Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева өзінің бүгінгі мәлімдемесімен жұртты «таңдай қақтырды». Бұл жай ғана шошыну емес, Қазақстандағы журналистерді қуғындау жағдайына байланысты халықаралық құқық қорғау ұйымдарының наразылығынан туған әлдебір үрей сияқты.
Не болып қалды? Осы 30 жыл бойы елдегі журналистерді қудалау мен репрессия үйреншікті іске айналғанда, Балаева ханымды соншалықты не мазалады? Өркениетті әлем Қазақстандағы баспасөзге жасалған қысымға әрқашан наразылық білдіріп келген. Сөз бостандығы рейтингісінде соңғы орындарда жүргеніміз де содан. Алайда Аида Балаева беті бүлк етпестен, бізде БАҚ-тың еркін қызметі үшін барлық жағдай жасалған, Ақпарат министрлігі масс-медиа үшін ең үздік заңнамалық базаны қамтамасыз етіп отыр деп сендіреді. Одан әрі: «Қазақстанда ешкім кәсіби қызметі үшін қудалауға ұшырамайды», — деп жазады. Міне, қызық! Бірақ артынша-ақ министр журналистердің «анау-мынау» үшін жауапкершілікке тартылатынын айтып, қоқан-лоқы көрсетеді.
Егер Бажкенова өз серіктестерімен «ORDA» үшін азаматтық тәртіпте соттасса және оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупін төндіретін қылмыстық баптар мен демонстрациялық үйқамақ сияқты қатаң шаралар қолданылмаса, бір сәрі еді. Министр Балаева нақ осы мәселеге алаңдап, Бас прокуратураға наразылық жазуы керек емес пе?
Олигарх Турлов та ҚазТАГ-пен мәселесін азаматтық іс аясында шешіп, тергеудің айла-шарғысына (істі құпия қозғау, орындалмайтын айыптар тағу) жүгінбей-ақ өзінің «іскерлік беделін» ақтаса болар еді ғой. Аида Ғалымқызы, бұл істердің барлығы «заң аясында, процессуалдық нормалар толық сақтала отырып, кінәсіздік презумпциясы мен қорғау құқығы қамтамасыз етіле отырып қаралады» деген уәдеңіз бен қамқорлығыңыз қайда? Өйткені бәрі керісінше жасалып жатыр!
Біз, журналистер, жақсы түсінеміз: Бажкенова мен КазТАГ басшыларына тағылған айыптар — бұл билік олимпіне көтеріліп жатқан және қазақстандық активтерді Ресей мүддесі үшін қайта сатып алып жатқан, өз реномесін (абыройын) журналистерден өш алу арқылы тазартқысы келетін өкпешіл шенеуніктер мен олигархтардың мүддесіне сай жасалған нағыз саяси істер.
Министр Балаева турловтар сияқтылар мен олардың жалдамалылары елдегі сөз бостандығын тұншықтыру үшін пайдаланып отырған осы бір сұрқия баптарды декриминализациялау (қылмыстық жауапкершіліктен алып тастау) туралы журналистер мен құқық қорғаушылардың талабына құлақ асқаны жөн болар еді», — деп жазды Гүлжан Ерғалиева өзінің facebook парақшасында.
Еске салайық, 18 бейсенбі күні вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Human Rights Watch ұйымының сынына жауап берген болатын. Халықаралық ұйым Қазақстанды «журналистерге қысымды тоқтатуға» үндеген еді.
«Журналистердің қызметіне, БАҚ жұмысына немесе нақты қылмыстық істерге қатысты барлық мәселелер заң аясында, процессуалдық нормалар толық сақтала отырып, кінәсіздік презумпциясы мен қорғау құқығы қамтамасыз етіле отырып қаралады. Қазақстанда ешкім кәсіби қызметі үшін қудалауға ұшырамайды», — деп мәлімдеген болатын Аида Балаева.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айының басында отандық медиа кеңістікте дүрбелең басталды. Orda.kz редакциясында тінту жүргізіліп, бас редактор Гүлнар Бажкенова «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікпен үй қамаққа алынды. Сонымен қатар, Freedom Finance компаниясының шағымы негізінде «ҚазТАГ» ХАА бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновке қатысты қылмыстық іс қозғалып, олар күдікті деп танылды.
Сонымен қатар оқыңыз, Аида Балаева Orda.kz бен ҚазТАГ дауына қатысты арнайы мәлімдеме жасады.
Соңғы жаңалықтар