Аида Балаева Orda.kz бен ҚазТАГ дауына қатысты арнайы мәлімдеме жасады

10.12.2025 10:15 Арман Ермеков
Аида Балаева Orda.kz бен ҚазТАГ дауына қатысты арнайы мәлімдеме жасады
0
266
коллаж Politico.kz

Елдің ақпарат айдынында қызу талқыға түскен Orda.kz пен ҚазТАГ агенттігіне қатысты даулы сот процестеріне байланысты Вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Министр өз сөзінде ведомствоның бұл атышулы істерді жіті бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

«Құрметті әріптестер!

Бүгінде Қазақстанның медиа кеңістігінде бірнеше сот процесі өтуіне байланысты талқы жүріп жатыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл процестерді, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ-қа қатысты істерді ерекше назарда ұстап отыр.

Біз үшін елімізде сөз бостандығының сақталуы мен барлық ақпарат таратып отырғандардың заң аясында жұмыс істеуі аса маңызды. Кәсіби журналистика адалдыққа, объективтілікке және тексерілген ақпараттың нақтылығына негізделуі керек.

Мұндай жағдайлар әрдайым медиа қауымдастықты алаңдатады. Себебі бұл сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет секілді аса маңызды мәселелерге тікелей қатысты.

Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін.

Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін әрдайым талап етіп келеміз.

Журналистерімізге қатысты істерді тиісті органдар заң талаптарын сақтай отырып, жан-жақты әрі әділ қарайтынына сенімдімін.

Министрлік өз құзыреті шегінде журналистердің құқықығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға дайын», – деп сендірді министр өз жазбасында.

Министрдің бұл мәлімдемесіне ҚазТАГ агенттігінің басшысы Әсет Матаев жедел жауап қатты.

«Құрметті Аида Ғалымқызы, қайырлы таң! Сізге жағдайды дұрыс баяндамаған сияқты. Екі түрлі істі қатар қойып қарастыру онша дұрыс емес. Бұл іс шілде айында қозғалған, ал ҚазТАГ-қа қатысты қылмыстық іс қараша айының соңында, жалған сараптамалар негізінде жарияланды. Мұндағы заң бұзушылықтар шаш етектен. «Масс-медиа туралы» жаңа заңның 68-бабы бізді қорғайды.

Себебі редакция барлық материалды тікелей бастапқы дереккөзден – Freedom Finance-қа қатысты екі қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер мен олардың адвокатынан алып жариялады. Қолымызда бейнежазбалар бар, ал мәтінде олардың сөздері дәйексөз ретінде айна-қатесіз келтірілген. Бұл – олардың тікелей сөзі. Олар Freedom Finance қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша әлі күнге дейін жәбірленуші саналады.

Өзге БАҚ-тардың көбінде жарнамалық келісімшарттар болғандықтан, олар жәбірленушілерге өз алаңын ұсынбады, сол себепті олар біздің редакцияға келді. Ал құқық қорғау органдары істі тиісті деңгейде тергемеді. Бізге қатысты айыптаулардың барлығы тек біржақты, айыптау бағытында құрылған. Өкінішке қарай, Freedom Finance-тың Қазақстанда ықпалы бар екені бесенеден белгілі...», – деп жазды Матаев өз арнасында.

Еске сала кетейік, даудың бір ұшы Orda.kz басылымына қатысты. 2025 жылдың желтоқсан айының басында редакция кеңселері мен бас редактор Гүлнар Бажкенованың пәтерінде полиция мен арнайы жасақтың қатысуымен тінту жүргізілген болатын. Бажкеноваға көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылып, Алматының тергеу соты оны екі айға үй қамаққа алды.

Ал ҚазТАГ агенттігінің басшылығы – Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновке қатысты қылмыстық іс Freedom Finance компаниясының шағымы негізінде қозғалған. Қаржылық ұйым журналистерді өздерінің болжамды алаяқтық схемалары туралы жазғаны үшін "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыптап отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий