Халал сертификатын заңсыз берген Алматыдағы компания айыппұл арқалады
Алматы қаласында тиісті рұқсат құжаттарынсыз халал сертификаттарын берген мекемеге айыппұл салынды. Бұл туралы "HALYQSTAN" телеграм арнасы хабарлады.
Арнаның мәліметінше халал сертификаттау нарығы өнімдер мен қызметтердің "халал" стандарттарына сәйкестігін растау үшін қолданылады.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "HALAL-HOLDINQ" ЖШС-ін жауапқа тартты. Аталған мекеме рұқсат қағаздарынсыз қызмет еткені үшін кінәлі деп танылды. Олар жарамды аккредитациясыз өнімдер мен қызметтерге "халал", оның ішінде OIC/SMIIC стандарттары бойынша сәйкестік сертификаттарын үлестірген.
Сот ісінің материалдарына сәйкес бұл құжаттар бірнеше кәсіпкерге берілген. Олардың қатарында "Сергазина Г. Б." ЖК мен "Трал Гарант" ЖШС бар. Сонымен қатар "Jimon Altun Nur Daily Necessities" ЖШС мен "Махамбетов Е. М." ЖК де аталмыш сертификаттарды алған.
Сот бұл құжаттарды кәсіпкерлер өздерінің коммерциялық қызметінде пайдаланғанын анықтады. Олар осы арқылы өз өнімдері мен өндірістік процестерінің "халал" талаптарына сай екенін растамақ болған.
Аккредитация субъектілерінің тізіліміне сәйкес "HALAL-HOLDINQ" мекемесінің ұлттық жүйеде жарамды аттестаты болмаған. Сонымен бірге олар аккредитация субъектісі ретінде тіркелмегені белгілі болды. Сот отырысында компания директоры Алмагүл Әбілдинова іс материалдарында көрсетілген деректерді толықтай растады.
Ол өздерінің тарапынан жасалған құқық бұзушылықты мойындады. Істі қарау қорытындысы бойынша "HALAL-HOLDINQ" серіктестігіне 25 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындалды. Бұл сома 108 125 теңгені құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың мамыр айында Астана соты "Халал Даму" серіктестігіне 850 мың теңгеге жуық айыппұл салған болатын. Бұл компания да халал құжаттарын беру кезінде заң бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.
Соңғы жаңалықтар