«Хиджабты орамал деп өзгерткен»: Айтыскер ақын Сара Тоқтамысованың жазбасы желіде қызу дау туғызды

18.09.2026 11:55 Мөлдір ҚАЙНАР
«Хиджабты орамал деп өзгерткен»: Айтыскер ақын Сара Тоқтамысованың жазбасы желіде қызу дау туғызды
153
Фото: instagram/sarkanai/

Белгілі айтыскер ақын Сара Тоқтамысова әлеуметтік желіде орамал таққан қыздар жайлы жазба жариялап, көпшіліктің қатаң сынына ұшырады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақын мемлекеттік марапат алып жатқан спортшы немесе белсенді арудың суретіне сүйене отырып, діни киім үлгісі адамның жетістікке жетуіне еш кедергі болмайтынын алға тартқан.

«Орамалын тағып-ақ білім алуға да, спортта топ жаруға да, елдің мерейін асыруға да болады. Мына көріністің өзі көп нәрсені айтып тұрғандай: басында орамалы, кеудесінде Қазақстанның Туы, ал алдында — Мемлекет басшысы. Президентіміздің қазақтың орамалды қызының жетістігін құрметпен бағалап, марапатын табыстап тұрғаны — қандай жарасымды көрініс. Орамал — қабілетке кедергі емес. Орамал — білімге кедергі емес. Орамал — елге қызмет етуге кедергі емес», – деп жазды ол.

Сонымен бірге ол қоғамды қыздардың киіміне емес, олардың парасаты мен елге қосқан үлесіне мән беруге шақырды:

«Біздің қыздарымыздың басындағы орамалынан бұрын, басындағы біліміне, жүрегіндегі отансүйгіштігіне, тәрбиесіне, таланты мен еңбегіне қарасақ екен. Осындай сәттер көбейе берсін. Қазақтың ибалы да білімді, қайсар да талантты арулары биіктен көріне берсін!».

Алайда өнер иесінің бұл ойы оқырмандар арасында біржақты қолдау таппады. Көпшілік дәстүрлі ұлттық киім мен діни атрибуттардың аражігін ажыратып алу керектігін айтып, «хиджабты орамал деген желеумен насихаттаудың қажеті жоқ» деген сарында өткір сындар жаудырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий