"Інісімен ұстап алған". БҚО-да ер адам әйелін пышақтап өлтірді

31.10.2025 09:13 Мөлдір Талғат
0
497
Әлеуметтік желі

Батыс Қазақстан облысында әйелін аса қатыгездікпен өлтіріп, інісін өлтіруге әрекеттенді деген айыппен сотталып жатқан Сырымбек Сайлауовтың ісі алқабилердің қатысуымен қаралып жатыр.

Қанды оқиға 28 мамырда Теректі ауданының Шаған ауылында болған. Тергеу деректеріне сүйенсек, ер адам сол түні бұрынғы әйелі мен екі баласы тұрған үйге заңсыз кірген. Бұған дейін оған үйге жақындауға тыйым салатын қорғаныс бұйрығы шығарылған.

Айыптау тарапының мәліметінше, Сайлауов үйдің терезесінен қарап, жатын бөлмеде бұрынғы әйелі мен өзінің інісін көрген. Осы сәтте қызғаныш сезіміне берілген ол терезеден ішке кіріп, інісінің басынан екі рет ұрып, кейін оянған әйеліне 19 рет пышақ салған. Соққылардың көбі өмірлік маңызды ағзаларға тигендіктен, әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Бұдан кейін айыпталушы көшеге қашқан інісінің соңынан жүгіріп, оның кеудесіне пышақ сұғып үлгерген, бірақ ол аман қалған.

Сот-психиатриялық сараптама Сайлауовтың қылмыс жасаған сәтте аффект жағдайында болмағанын анықтағанымен, қорғаушы тарап бұл қорытындымен келіспей отыр. Адвокат Жомарт Ерназаровтың айтуынша, айыпталушы қатты эмоционалдық күйзеліс жағдайында болған және сараптама қазақ тілін білмейтін мамандармен жүргізілген.

“Менің клиентім тек қазақ тілінде сөйлейді, ал сараптама орыс тілінде өтті. Бұл әділдікке қайшы. Мұндай ауыр жағдай адамды уақытша есінен айыруы мүмкін”, – деді адвокат.

Жәбірленушінің әпкесі соттағы сөзінде марқұмның отбасылық өмірінде де зорлық-зомбылық көріп келгенін айтып, алқабилерден әділ шешім шығаруды сұрады.

“Ол әйелімді өлтіріп, үш баласын жетім қалдырды. Ал өзі тірі, түрмеден ертең-ақ шығып келеді. Мұндай қылмыс кешірімге жатпайды”, – деді ол.

Сотталушы Сайлауов өз ісіне өкінетінін айтып, қылмысты аффект жағдайында жасағанын алға тартты.

“Мен мұндай жағдайға жеткізгім келген жоқ. Балаларым үшін өмір сүріп келдім. Тергеу кезінде маған қысым көрсетілді. Соттан мені қатал жазаламауын өтінемін”, – деді ол.

Прокурор айыпталушыны ерекше қатыгездікпен кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыруды және 30 миллион теңге моральдық өтемақы өндіруді сұрады. Іс бойынша үкім алқабилердің шешімінен кейін жарияланбақ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий