Ирактан ұшырылған дрондар Сауд Арабиясындағы ірі мұнай құбырына шабуыл жасады

12.09.2026 13:18 Қарақат АСЫЛОВА
Ирактан ұшырылған дрондар Сауд Арабиясындағы ірі мұнай құбырына шабуыл жасады
285
Фото: ВВС

Сауд Арабиясындағы «Шығыс-Батыс» стратегиялық мұнай құбырына Ирак аумағынан ұшырылған дрондар шабуыл жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ирак билігі оқиғаны растады және шабуылға қатысты тергеу бастады.

Al Jazeera мәліметінше, дрондар Ирактың Майсан провинциясынан ұшырылған. Оқиғадан кейін аймақтағы әскер қолбасшысы қызметінен шеттетілді.

Шабуыл 10 қыркүйек күні таңертең болған. Сауд Арабиясының Энергетика министрлігінің хабарлауынша, дрондар Медина мен Эр-Рияд арасындағы мұнай құбырының бір бөлігіне соққы жасаған. Осыдан кейін құбырдың жұмысы уақытша тоқтатылды. Сауд тарапы шабуыл салдарынан зардап шеккендер бар екенін мәлімдеді.

Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі Ирак билігінің бастаған тергеуін ескеріп, әзірге жауап соққысын жасамағанын мәлімдеді.

Кейін Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Сауд пен Ирактың сыртқы істер министрі Фуад Хусейн телефон арқылы сөйлесті. Тараптар аймақтағы соңғы жағдайды талқылап, Таяу Шығыстағы тұрақтылықты сақтау мәселелері бойынша консультацияларды жалғастыруға келісті.

«Шығыс-Батыс» мұнай құбыры Сауд Арабиясы үшін стратегиялық маңызға ие. Ол мұнайды Ормуз бұғазын айналып өтіп, Қызыл теңіз арқылы экспорттауға мүмкіндік береді.

Войдите, чтобы оставить комментарий