«Іс жылжымай тұр»: 32 жыл бұрын зорланған әйел Тоқаевтан көмек сұрады
Осыдан 32 жыл бұрын өзін ауылдастары зорлағанын мәлімдеген Наташа Қалымбетова бұл істің әлі тергелмей тұрғанын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
Жәбірленушінің әлеуметтік желідегі мәлімдемесінен кейін полиция іс қозғағанымен, әзірге ешқандай нәтиже шықпай отыр. Наташа Қалымбетова Қазақстанға арнайы келіп, оқиға болған жерді көрсетіп, жауап берсе де, тергеудің тоқтап тұрғанын жеткізді.
«Қазір іс бір орнынан жылжымай тұр. Себебі куә жоқ, дәлел жоқ. Жалғыз дәлел – менің қызым. Мені аяусыз зорлаған адамдардан туған қызым. Болжам бойынша, қызым аман-есен, Америкада тұрып жатыр», – деді Наташа Қалымбетова әлеуметтік желіде жариялаған видеоүндеуінде.
Осыған байланысты ол Мемлекет басшысына үндеу жасап, бұл істі жеке бақылауына алуын өтінді. Ол өз үндеуінде еліміздегі зорлық-зомбылықты тоқтатуға үлес қосқысы келетінін айтты.
«Мен осы арқылы Қазақстанда күн сайын болып жатқан зорлық-зомбылықты тоқтатқым келеді. Иә, менің оқиғам 32 жыл бұрын болған. Мен бұл ауыр жарамен өмір сүріп келемін», – деп ағынан жарылды ол.
Наташа Қалымбетованы 17 жасында өз ауылының төрт жігіті зорлап, Жайық өзенінің жағасына тастап кеткен. Бұл туралы ол биылғы наурыз айында Tik Tok желісінде ашық айтқан соң, жазбасы 2 млн-нан астам қаралым жинаған болатын. Осыдан кейін Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған еді. Тәртіп сақшыларына түсініктеме беру үшін ол Таиландтан Орал қаласына арнайы ұшып келген.
Кейінірек өткен баспасөз мәслихатында жәбірленуші тағы бір құпияның бетін ашты. Оның айтуынша, сол уақытта өзін зорлаған жігіттердің бірінен жүкті болып қалған. Алайда туыстары мен оқу орны тарапынан жасалған қысым мен қоғамның айыптауынан қорыққандықтан, перзентханада сәбиінен бас тартуға мәжбүр болғанын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар