Кәрім Мәсімов АҚШ-та жүр ме? ІІМ мәлімдеме жасады

15.08.2026 12:17 Қарақат АСЫЛОВА
Кәрім Мәсімов АҚШ-та жүр ме? ІІМ мәлімдеме жасады
300
Фото: Tengrinews.kz

18 жылға сотталған Масимов АҚШ-та жүр деген ақпаратқа жауап берілді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы әрі экс-премьер-министр Кәрім Мәсімовтың АҚШ-та отбасымен бірге тұрып жатқаны туралы ақпарат тараған еді.

Осыған байланысты Ulysmedia.kz редакциясы оның қазіргі уақытта жазасын өтеп жатқанын растауды сұрап, Ішкі істер министрлігіне сауал жолдаған.

Ақпаратты алғашқылардың бірі болып қазақстандық суретші Қанат Ибрагимов таратқан. Оның айтуынша, АҚШ-тағы қазақ диаспорасы өкілдерінен Мәсімовтің Хьюстон қаласында жүргені туралы мәлімет алған. Алайда суретші бұл ақпараттың нақты дәлелі жоқ екенін, мәліметті үшінші тараптан естігенін атап өткен.

Мәсімов 2023 жылы мемлекеттік опасыздық, билікті күшпен басып алуға әрекет жасау және басқа да қылмыстар бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылған.

Редакцияның сауалына Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелерінде сотталғандарды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беретін бейнебақылау жүйесі жұмыс істейтінін хабарлады. Сонымен қатар колонияларға прокуратура өкілдері мен қоғамдық ұйымдар тұрақты түрде барып, жағдайды бақылайтыны айтылды.

«Сотталғандардың белгіленген тәртіпті сақтауына және қауіпсіздік талаптарының орындалуына тұрақты бақылау жүргізіледі», – деді ҚАЖК өкілі Нияз Рыспаев.

Алайда министрлік Мәсімовтың нақты қай мекемеде жазасын өтеп жатқаны туралы ақпарат пен оның сол жерде отырғанын дәлелдейтін материалдарды жариялаудан бас тартқан. Ведомство мұндай мәліметтер сотталғандардың жеке ісіне қатысты құпия ақпарат саналып, заңмен қорғалатынын түсіндірді.

Осылайша, әлеуметтік желідегі «Мәсімов АҚШ-та жүр» деген ақпарат әзірге ресми дәлелін тапқан жоқ. Сонымен қатар оның Қазақстандағы колонияда отырғанын көрсететін нақты фото немесе видео да көпшілікке ұсынылмады.

ҚАЖК мәліметінше, қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелердегі жағдай бейнебақылау және уәкілетті органдардың тексеруі арқылы қадағаланады. Ал экс-шенеуніктің нақты орналасқан жері туралы ақпаратты жариялау мәселесі заң талаптарымен шектеледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий