Ресейдегі оба дерті Қазақстанға қаншалықты қауіп төндіреді?
Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті инфекция тарады деген ақпараттан кейін Қазақстан шекарада бақылауды күшейтті, деп хабарлайды Politico.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты әрі толық бақылауда. Барлық өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік тексеру жүргізіліп жатыр. Қазiрге дейiн дене температурасы көтерілген немесе ауру белгілері бар жолаушылар тіркелмеген. Мамандар дерттiң елге таралу қаупi төмен деп бағалап отыр.
"Шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау жүзеге асырылуда. Көліктің барлық түрінде дене температурасы жоғары, ауру белгілері бар немесе аса қауіпті инфекцияға күдікті тұлғалар анықталған жоқ", – делінген ресми хабарламада.
Көрші елдегі мамандар қазір эпидемиологиялық зерттеу жүргізуде. Бақылауға алынған 197 адамның зертханалық сынамалары теріс нәтиже көрсетті. Алдын ала мәліметке сай, Иркутск облысында көз жұмған 28 жастағы әйелдің өліміне расталмаған этиологиялы пневмония себеп болған, оба ауруы анықталған жоқ.
Министрлік шетелден келгеннен кейін бойында сырқат белгілері байқалған азаматтарға дереу дәрігерге көрініп, сапар мерзімі мен болған жерлерін хабарлауды ескертеді.
Соңғы жаңалықтар