Отандық кәсіпкер: Қытайда кімнің бай-кедей екенін ажырата алмайсың

15.07.2026 09:59 Томирис САҒЫНДЫҚ
Отандық кәсіпкер: Қытайда кімнің бай-кедей екенін ажырата алмайсың
67
Фото: видеодан скриншот

Танымал кәсіпкер Ардақ Әзімхан қытайлық серіктестерінің өте еңбекқор екенін және жүздесіп әңгіме-дүкен құруға мүлдем қарсы екенін айтты. Сондай-ақ ол көрші елдегі кәсіпкерлердің қарапайымдылығына таңғалғанын жасырмады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.

«Қытай кәсіпкерлерін «жұмысшылардың жағдайын жасамайды» деп айтуға келмейді. Мысалы, менің серіктестерімнің бірі өзінің жұмысшысының баласы мопедтен құлап, басы жарақаттанған кезде барынша көмектесіп, аурухана шығындарының бәрін өтеп берді. Бірақ олар бетпе-бет кездесулерге, бірге уақыт өткізуге, босқа отырып тамақтануға, әңгіме-дүкен құруға мүлдем қарсы. Ысырапшыл емес, барынша қарапайым. Тіпті сырт келбетіне қарап кімнің бай, кімнің кедей екенін ажырата алмайсың. Байларының өзі өте қарапайым киінеді, қарапайым сөйлейді. Сондай-ақ оларда: «Кез келген кішкентай адам түбінде өседі» деген үлкен сенім бар. Мысалы, мен ол серіктестеріме ең алғаш рет небәрі бір-екі килограмм тауар жіберетін кішкентай серіктес болып қосылған едім. Ал қазіргі таңда біз тонналап тауар жөнелтеміз. Соған қарамастан, олардың маған деген сол кездегі қарым-қатынасы мен қазіргі қарым-қатынасы бірдей. Біздегі «бала өспей ме?» деген тәмсіл сияқты, олар да кәсіпті жаңа бастаған кішкентай адамның ертең бір үлкен кәсіпкерге айналатынына сенеді әрі оны қолдайды», — деді Ардақ Әзімхан.

Ары қарай кәсіпкер қытайлықтардың зауытпен жұмыс істеу құпиясы туралы сөз қозғады. Айтуынша, табыстың басты кілті — ірі зауытпен байланысқа шығу.

«Кәсіпкерлердің әртүрлі деңгейі бар: ірі, орта және шағын деңгейлі болып бөлінеді. Ол кісілердің «зауыт-фабрика» деп айтатыны — Көбіне делдал ретінде жұмыс істеуі. Негізі бұл өте ішкі құпия болғандықтан, мұны қатты ашып айтуға болмайды. Дегенмен ірі зауыттары өте көп әрі олармен жұмыс істеген тиімді. Олармен тікелей байланыссаң, тауарды бірінші қолдан әрі арзан бағада аласың. Сондықтан бұл жерде зауытты тікелей таба білу өте маңызды. Осы құпияны аша берсем, өзімнің де кәсіби құпиям ашылып қалатын сияқты», — деп түсіндірді кәсіпкер.

«Біз «Қытай кәсіпкерлері мен жұмысшылары өте еңбекқор, таңғы төрттен бастап жұмыс істейді» деп жатамыз. Жалпы, мұның Қазақстанға немесе жеке өзіңізге әсері болды ма?» — деп сұрады жүргізуші.

«Маған тікелей әсері болды. Мен басында қытайлармен қатты жарысып, олар сияқты болғым келетін. Кейіннен мұның себебін анықтап сұрағанымда, оларда халық саны өте көп екенін түсіндім. Егер олар жақсы жұмыс тапса, оны кенеше жабысып, жібермей ұстауы керек. Өйткені өздері айтқандай: «Бізде адам көп, сәл босаңсысаң, байқалмай қаласың. Мен бір күн демалсам, бәсекелесім алдыма шығып кетеді». Сондықтан олар үнемі жұмыс үстінде жүреді. Әрине, екі күн жұмыс істеп, үш күн демалуға үйреніп қалған біз сияқты қазақтарға мұндай қарқынға бейімделу өте қиын. Бірақ олар: «Егер жұмысың жақсы жүріп тұрса, дәл осы сәтте оны одан әрі дамыту керек. Өйткені кез келген істі уақытында жақсартпасаң, түбінде оның тоқтайтын немесе құрдымға кететін күні туады» деген ұстанымды берік ұстанады», — деді Ардақ Әзімхан.

Войдите, чтобы оставить комментарий