Каспийдегі қасіреттен кейінгі тексеріс: Смайылов Тоқаевқа есеп берді

05.10.2026 • 16:32 Қарақат АСЫЛОВА
Каспийдегі қасіреттен кейінгі тексеріс: Смайылов Тоқаевқа есеп берді
445
Фото: Ақорда

Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының қалай жұмсалғаны тексеріліп жатыр. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоспардан тыс аудиттің барысын баяндады, деп хабарлайды Politico.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеріс 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Оған мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандары, IT және байланыс саласының сарапшылары тартылған.

Аудиторлар Қарулы күштер қызметінің негізгі бағыттарын түгел бағалайды. Әскери бөлімдердің материалдық-техникалық жабдықталуы, жеке құрамның даярлығы, оқу-жаттығулардың өткізілуі, әскери инфрақұрылымның дамуы, қару-жарақ пен техниканың жаңартылуы және цифрлық жүйелердің ақаусыз жұмыс істеуі тексеріледі.

Смайылов мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа жүргізілген аудиттің нәтижелерін де таныстырды. Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Жоғары аудиторлық палата Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға 57 нақты ұсыным мен тапсырма жолдаған.

Сонымен қатар Президентке экономика мен әлеуметтік саланың басым бағыттарындағы жоспарлы тексерістердің барысы баяндалды.

Смайылов Астанада өткен Азия жоғары аудит органдары ұйымы Басқарма кеңесінің 63-отырысы туралы да есеп берді. Жиынға 19 елдің өкілдері қатысқан. Мұндай форматтағы іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізілген.

Кездесу соңында Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі аудитке және мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалған.

Қайғылы оқиғадан кейін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Қаза тапқан әскери қызметшілер әскери борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік наградалармен, ал аман қалған үш әскери қызметші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

26 қыркүйекте Президент Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды, соның ішінде әскери бөлімдердің қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін кешенді тексеретін комиссия құрды.

Комиссия төрағасы болып Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева, оның орынбасары болып Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов тағайындалды.

Комиссия құрамына:

  • Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев;
  • Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов;
  • Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Басшысы Мұрат Баймұқашев;
  • Қаржы министрі Мәди Тәкиев;
  • Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаев;
  • Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин кірді.

Президент өкімінде комиссияға алғашқы нәтижелерді 7 күн ішінде баяндау тапсырылған.

Ал 27 қыркүйекте Тоқаев Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы ретінде қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізіп, Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий