Тағы бір бойжеткен полицейлерді жыныстық сипаттағы зорлық жасады деп айыптады

05.10.2026 • 16:12 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тағы бір бойжеткен полицейлерді жыныстық сипаттағы зорлық жасады деп айыптады
153
Фото: gov.kz

Алматы тұрғыны өзін және жігітін ұстаған полицейлер күш қолданып, оған келісімінсіз жыныстық сипаттағы әрекеттер жасағанын мәлімдеді. Полиция бұл айыптауларды жоққа шығарып, оқиғаның бейнебақылау камераларына түскенін хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Бойжеткен әлеуметтік желідегі жазбасында 19 қыркүйек күні таңертең екеуін себебін түсіндірместен ұстағанын айтқан. Оның сөзінше, полицейлер оларға физикалық және психологиялық қысым көрсеткен.

Ол полицияда ұзақ уақыт ұсталғандарын, қызметтік емес көлікпен бір бөлімнен екіншісіне жеткізілгендерін және құжаттағы ұсталу уақыты нақты уақытпен сәйкес келмейтінін мәлімдеген. Сондай-ақ қызметкерлер телефондарын алып, сол құрылғылардан қоңырау шалғанын жазған. Бойжеткеннің айтуынша, оларға медициналық, соның ішінде масаңдықты анықтайтын тексеру жүргізілмеген.

Алматы қаласының полиция департаменті сауалға берген жауабында басқа мәлімет келтірді. Ведомствоның хабарлауынша, сол күні сағат 06:30 шамасында Байтұрсынов көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары ауладағы шуға шағымданған.

Шақыртуға барған полицейлер алкогольдік масаңдық белгілері бар жігіт пен қызды көргендерін хабарлады. Департаменттің айтуынша, олар дауыстап жанжалдасып, тұрғындардың тыныштығын бұзған, бұл әрекетін тоқтату туралы талапқа көнбей, қарсылық көрсеткен.

Полиция екеуі бөлімге жеткізілгеннен кейін де агрессивті мінез танытып, бір-бірімен жанжалдасқанын, рәсімдерді жүргізуге кедергі келтіріп, қызметкерлерге күшпен қарсылық көрсеткенін мәлімдеді.

Департамент полицейлердің әрекеті мен ұсталғандардың мінез-құлқы камераларға жазылғанын, сол бейнежазбалар ұрып-соғу және өзге заңсыз әрекеттер туралы айыптауларды жоққа шығаратынын алға тартты.

Екі азаматқа қатысты қоғамдық тәртіпті бұзу және полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау бойынша әкімшілік істер қозғалып, материалдар сотқа жіберілген.

Ведомство полицейлерге қатысты тараған мәліметтерге құқықтық баға берілетінін де хабарлады. Көрінеу жалған ақпарат таратқандарға заңға сай қатаң шара қолданылатынын ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Ресей азаматы да полицейлерді өзін зорлады деп айыптап, кейін кешірім сұраған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий