KAZ Minerals шахтасында түтін шықты: жұмысшылар шұғыл эвакуацияланды

10.08.2026 12:11 Қарақат АСЫЛОВА
KAZ Minerals шахтасында түтін шықты: жұмысшылар шұғыл эвакуацияланды
74
Фото: KAZ_Minerals

Абай облысындағы Орлов шахтасында түтін шығып, түнгі ауысымдағы жұмысшылар шұғыл түрде жер бетіне эвакуацияланды, деп хабарлайды Politico.kz.

KAZ Minerals мыс өндіруші компаниясының хабарлауынша, төтенше жағдай 8 тамыз күні сағат 22.05 шамасында кеніштің 10-қабатында болған. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес жұмысшылар қауіпсіз жерге шығарылғаннан кейін оқиға орнына тау-кен құтқару қызметі жұмылдырылып, мамандар аумақты мұқият тексеріп шыққан.

Құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде түтіннің Monomatic бұрғылау қондырғысы орналасқан аумақтан шыққаны анықталып, ошақ бірден сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша электр кабелінің зақымдануынан аталған қондырғыға зақым келгенімен, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Қазіргі уақытта жауапты мамандар оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтап жатыр, ал шахта өз жұмысын қалыпты режимде жалғастыруда. 

Дәл осы кеніште осыдан 1 ай бұрын ғана жерасты лифті кілт тоқтап, салдарынан 6 жұмысшы түрлі жарақат алған болатын.

Айта кетейік, 9 тамыз күні Абай облысындағы Ақтоғай кен орнындағы №1 кен байыту фабрикасында жөндеу жұмыстары барысында өрт шыққан болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий