"Казахсран": Маңғыстау сотындағы әнұран мәтінін қасақана өзгерткендер іздестіріліп жатыр

16.07.2026 13:09 Абзал БАХЫТЖАНОВ
215
Фото: Бейнеден кадр

Маңғыстау облыстық сотының ғимаратында орналасқан мемлекеттік әнұран стендіндегі жазуды қасақана өзгерткен белгісіз тұлғалар іздестіріліп жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Жақында әлеуметтік желіде сот ғимаратының бірінші қабатындағы тақтада қате жазылған сөз туралы видео тарап, онда "Казахстан" сөзінің орнына "Казахсран" деп жазылғаны көрсетілген болатын. Алайда сот өкілдері бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін және стендке жабыстырылған "Р" мен "Т" әріптерінің орнын белгісіз адамдар жалған мәлімет тарату мақсатында әдейі ауыстырып қойғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта осы дерек бойынша жиналған барлық материал құқық қорғау органдарына жолданды. Оқиғаның мән-жайын толық анықтап, кінәлілерді тауып, оларды заңға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін тиісті шаралар қабылдануда.

Сот жалған ақпарат таратып, мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік танытқан немесе қоғамды жаңылыстырған кез келген заңсыз әрекетке құқықтық баға берілетінін қатаң ескертті.

Оған қоса жауапты мамандар оқырмандар мен желі қолданушыларын тек ресми мәліметтерге сүйенуге және ақпараттың рас екеніне көз жеткізбей оны одан әрі таратпауға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий