Кедей ер адамдарды стерилизациялау ұсынылды

Индонезияның Батыс Ява провинциясының губернаторы Деди Мульяди аз қамтылған отбасылардан шыққан ер адамдарға вазэктомия (еркекке жасалатын стерилизация) жасатуды әлеуметтік көмек алу үшін міндетті шарт ету идеясын ұсынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы Jakarta Globe порталы жазды.
Мульяди бұл бастаманы туу көрсеткішін бақылау мен әлеуметтік көмекті әділ бөлу мақсатында көтеріп отыр. Оның айтуынша, вазэктомия арқылы мемлекет отбасыларға жүктелетін экономикалық қысымды азайтып, көмекті нақты мұқтаж жандарға бағыттай алады.
"Біз көмектің әділ бөлінуін қамтамасыз еткіміз келеді. Егер вазэктомия бұл мәселені шешуге көмектессе, онда оны қолдануды қарастыру қажет", – деді Деди Мульяди.
Шенеуніктің айтуынша, операцияны қабылдаған азаматтарға ынталандыру ретінде 500 мың рупия (шамамен 30 АҚШ доллары) көлемінде ақшалай сыйақы берілмек.
Алайда бұл ұсыныс қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде қызу талқыланды. Қоғам белсенділері мен адам құқықтарын қорғаушылар аталған бастаманың ерлер құқығын шектеуі мүмкін екенін айтып, сынға алды.
Мульяди бұл сынға жауап ретінде вазэктомия кері қайтаруға болатын, яғни қажет жағдайда операцияның әсерін жою мүмкін екенін алға тартты.
Соңғы жаңалықтар





