«Кедей қазақтар» деген сөзі үшін: Алматыда ресейлік рэпердің концерті тоқтатылды
Алматыда ресейлік рэпер Whole Lotta Swag-тың 14 қарашаға жоспарланған концерті өтпейтін болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған өнерпаздың әлеуметтік желілерде бес жыл бұрын жариялаған жазбаларының қайта таралуы себеп болған.
Желі қолданушылары рэпердің ескі жазбаларынан қазақстандықтарға қатысты дөрекі сөздерді байқаған. Атап айтқанда, оның «кедей қазақтар» туралы жазғаны және жеке чатында қазақтарға көңілі толмайтынын айтқаны талқыланған.
Осыдан кейін өнерпаз жағдайға қатысты түсініктеме берді. Никита Беляевтің айтуынша, аталған жазбалар Қазақстаннан шыққан алаяққа байланысты жазылған. Оның сөзінше, әлгі адам рэпердің атын пайдаланып, адамдарды алдап, тіпті оның туыстарын мазалаған.
Рэпер өз ойын жеткізу барысында қателескенін мойындады.
«Мен өз ойымды білдіруде қателестім. Алматыны жақсы көремін. Қазақ халқына қатысты ешқандай мәселем жоқ. Барша қазаққа деген махаббатым шексіз», – деп түсіндірді ол.
Алайда оның бұл түсініктемесі қазақстандықтардың наразылығын баса алмады. Әлеуметтік желіде рэперге қатысты шағымдар көбейгеннен кейін Алматыда өтетін концерті тоқтатылды.
Соңғы жаңалықтар