Келес өзенінде жоғалған бала: бір жарым айдан кейін іздеу неге тоқтады?
Түркістан облысында Келес өзеніне құлап, суға ағып кеткен 8 жастағы Жаннұр Ердәулетұлының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 23 наурызда болған, содан бері құтқарушылар мен сүңгуірлер өзен бойын толық тексеріп, іздеу жұмыстарын Өзбекстан шекарасына дейін және Сырдария өзені аумағында жалғастырған. Алайда бір жарым айға созылған ауқымды жұмыстар нәтижесіз аяқталып, ресми іздестіру шаралары тоқтатылған.
Іздеу жұмыстарының тоқтатылуына наразы болған баланың анасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, істі қайта бақылауға алып, іздеуді жандандыруды сұрады. Ол наурыз айынан бері үмітін үзбей, перзентін күтіп отырғанын айтып, жанайқайын жеткізді.
«Есіктен Жаннұр кіріп келетіндей үмітпен, көз жасымен күндер өтіп жатыр», – дейді анасы.
Сонымен қатар ол 112 қызметінің техникалық мүмкіндіктері мен жүргізілген іздестіру жұмыстарының тиімділігіне қатысты сұрақ көтеріп, тиісті органдардан нақты әрекет күтетінін жеткізді. Бұл жағдай қоғамда да кең талқыланып жатыр. Журналист Гүлмира Әбіқай мәселені көтеріп, ата-ананың қайғысын назардан тыс қалдырмау керектігін айтты.
«Енді не болады? Бір жарым ай бойы барлық күш пен техниканы жұмылдырып, бір баланы таба алмаған 112 қызметі іздеуді қайта жалғастыра ма? Баласының тірі не өлі екенін білмей, өмір бойы күту ата-ана үшін өте ауыр сынақ...», – деп жазды ол.
Қазіргі таңда қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар іздеу жұмыстарын қайта бастау мәселесіне алаңдап, құзырлы органдардан нақты шешім күтуде.
Соңғы жаңалықтар