«Келінге көңіл аз бөлінді»: Майғазиевтер отбасы желіде қызу талқыға түсті
Танымал әнші Сәкен Майғазиев алғаш рет ата атанып, перзентханадан шыққан келіні Әдия мен немересін сән-салтанатпен қарсы алды. Өнер иесі қуанышты сәттен бейнежазба жариялап, көпшілікке ақ тілегін арнады, деп хабарлайды Politico.kz.
«Баршамызды жоқтан бар еткен бір Аллаға шексіз шүкірлер мен сансыз мақтаулар болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммедке сансыз салауаттар болсын! Күллі қазақ халқына Алланың амандығы, берекесі, тыныштығы, жақсылығы болсын! Сіздерге де жұғысты болсын. Бәріңізді құшақтадым!» – деп жазды әнші.
Алайда желі қолданушыларының назары қуанышты жаңалықтан гөрі келіннің қарсы алыну сәтіне ауды. Көпшілік жаңа босанған анаға жеткілікті құрмет көрсетілмегенін айтып, түрлі пікір қалдырды.
«Әдия өзімен өзі жүр», «Енесінің келінімен шаруасы жоқ сияқты», «Алдымен келінді қолтықтап үйге кіргізу керек еді», «Жаңа босанған анаға ерекше ілтипат көрсетілуі тиіс», «Неге шашу шашылмады?» деген пікірлер әлеуметтік желіде жиі жазылды.
Осылайша, Майғазиевтер әулетінің қуанышты сәті әлеуметтік желіде қазақы дәстүр мен келінге көрсетілетін құрмет төңірегінде қызу талқыланды.
Соңғы жаңалықтар