«Кешірім бер деп сұрамаңыздар»: Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы жары елге үндеу жасады
Танымал блогер Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызы әлеуметтік желіде өзіне бағытталған түрлі айыптаулар мен теріс пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол Instagram Stories бөлімінде сот үкімінен кейін жағдай басылмай, керісінше қысымның көбейіп кеткеніне қынжылыс білдірді.
«Мына негативтің бітетін түрі жоқ. Сот аяқталғаннан кейін бәрі тынышталатын шығар десем, керісінше ушығып бара жатқандай. Оқырмандарым неше түрлі жазбалар жіберіп жатыр. Әркім әртүрлі қылып таратқан. Біреуі "Нұрсұлтанды ақтап аламын" десе, оның қорғаушылары "Мұның бәрін Фариза әдейі ұйымдастырған шығар" деп шығыпты», – дейді ол.
Фаризаның айтуынша, ол ешкімнің ар-намысына тимей, тек өзін заңды түрде қорғауға тырысқан.
«Шынымды айтсам, бәрінен қатты шаршадым. Мен халықтан көмек сұрап, әділдікті талап еткен, өз намысын қорғаған қарапайым қызбын. Оның әке-шешесіне де, Нұрсұлтанның өзіне де ешқашан тіл тигізіп, жеке басына тиіскен емеспін. Екі жыл бойы қоймағаннан кейін амалсыздан заңға жүгіндім. Енді ол әділетті түрде өз жазасын алуы керек. Сондықтан менен "кешірім бер" деп өтінбеңіздер», – деп нақтылады ол.
Фариза Алмасқызы бұл мәселеге нүкте қойылғанын, шыдамының да шегі барын ескертіп, бұрынғы күйеуін кешіру туралы ұсыныстарды мүлдем қабылдамайтынын кесіп айтты.
Соңғы жаңалықтар