«Кешірім де сұрамады»: Арыс әкімінің ұлы мүгедек еткен студенттің ісі сотқа жетпей жабылды
Павлодар облысында жас студент Талғат Емелді қос аяғынан айырып, өмір бойы мүгедек еткен жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Көлік тізгінінде Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың 22 жастағы ұлы болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Жантүршігерлік жол апаты 2026 жылдың 29 мамырында Астана – Павлодар тасжолында орын алған еді. Көлік темір қоршауға соғылып, металл құрылғы салонның ішіне кіріп кеткен. Көлікте болған үш адам зардап шегіп, соның ішінде ең ауыр жарақатты Талғат Емел алған. Клиникалық өлімді бастан кешкен студенттің дәрігерлер амалсыздан екі аяғын бірдей кесуге мәжбүр болған.
Аталған дерек бойынша Екібастұз қалалық полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі («Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған еді.
Алайда 16 қыркүйекте қылмыстық іс рақымшылық актісі негізінде қысқартылды.
«16 қыркүйекте жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 шілдедегі Заңындағы рақымшылық жасау актісіне сәйкес тоқтатылып, бекіту үшін Екібастұз қаласының прокуратурасына жолданды. Сонымен қатар, зардап шеккен тарапқа келтірілген залалды өндіру үшін сотқа азаматтық тәртіппен жүгіну ұсынылды», – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті.
Бұған дейін күдікті ретінде танылған әкімнің ұлы үйқамаққа алынған болатын. Ал оның әкесі, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев тергеуге еш кедергі келтірмейтінін және қызметтік өкілеттігін жеке басы үшін пайдаланбайтынын мәлімдеген.
Жәбірленушінің әпкесі Гүлсім Абайділдинованың сөзінше, Талғаттың жағдайы қазір бірқалыпты болғанымен, алда өте күрделі әрі ауыр оталар күтіп тұр:
«Талғат қазір үйде, емделуді жалғастырып жатыр. Шілдеде ауруханадан шыққанымен, жағдайы бірнеше рет нашарлап, қайта жүгіндік. Тамыз айында темір құрылғыларды шешу керек еді, бірақ жамбас сүйегі нашар біткендіктен кейінге қалды. Алда жоспарлы ота бар. Дәрігерлер жамбас қуысын қайта ашып, қисайып кеткен құйымшақты орнына келтіруі керек. Риск өте көп, бәрі де өзгеруі мүмкін. Бірақ ота сәтті өтеді деп үміттеніп отырмыз», – дейді ол.
Сонымен қатар Гүлсім апатқа себепкер болған тараптың шілде айынан бері мүлде хабарласпағанын, тіпті кешірім де сұрамағанын ашына жеткізді:
«Үйқамақты ұзарту жөніндегі сот отырысында кінәлі тарап кешірім сұраудан бас тартты. Шілденің басынан бері хабарласқан да жоқ. Олар біздің ата-анамызға хабарласып, Талғаттың хал-жағдайын білуге болар еді ғой. Бірақ, көріп отырғанымыздай, оларға зардап шеккен адамның тағдыры бәрібір екен», – деді туысы.
Полиция қылмыстық істі тоқтатқанымен, мүгедек болып қалған жас жігіттің отбасы ем-дом мен оңалту шығындарын өндіру үшін сотқа азаматтық талап арыз түсіруге дайындалып жатыр.
Соңғы жаңалықтар