"Кейбір қазақтарға қазақша үйретіп жіберемін": Актер Асылбек Боранбаевтың жұбайы білімі мен тәрбиесі жайлы айтты
Танымал актер Асылбек Боранбаевтың жұбайы Гүзел Ушурова өзінің білім жолы, кәсіби біліктілігі мен қазақ тіліне деген ерекше құрметі туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол қазақ мектебін тәмамдап, қазақ әдебиеті саласында ғылыми дәреже қорғағанын жеткізді.
"Мен өзім қазақ мектебін бітіргенмін. Анам — қазақ, ал әкемнің тегі аралас. Сондай-ақ мен — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Қазақ әдебиеті бойынша кандидаттық диссертация қорғағанмын, филология ғылымдарының кандидатымын. Иә, кейде кейбір қазақтардың өзіне қазақша үйретіп жіберетінім бар", — деді Гүзел Ушурова.
Сонымен қатар актердің жары отбасында қазақы салт-дәстүрдің берік сақталғанын және оның келіндік өміріне тигізген оң әсерін атап өтті.
"Өз шаңырағымызда мұсылмандық пен қазақы салт-дәстүр берік сақталды. Тәрбиенің бастауы — ана ғой. Анам кішкентайымыздан үлкеннің жолын кеспеуді, үлкенді сыйлап, құрмет көрсетуді бойымызға сіңіріп өсірді. Сондықтан келін болып түскенде сәлем салу, үлкендерді құрметтеу маған ешқандай қиындық тудырған жоқ", — деп түйіндеді ол.
Соңғы жаңалықтар