"Кезінде ақыл айтқан адам едім". Әбдірайымов соңғы рет қашан құмар ойын ойнағанын айтты
«Жігіттер» тобының солисі, танымал әнші Бағлан Әбдірайымов «Ақ пен қара» кітабын жазуға не түрткі болғанын бөлісті. Өнер иесінің айтуынша, бұған оның кезінде құмар ойынға тәуелді болып, өмірлік үлкен қателіктерге бой алдыруы себеп болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Кездесу» бағдарламасында ашық айтты.
Әнші кітап жазуды ешқашан жоспарламағанын, алайда жиі ұшатын сапарларының бірінде Шәкәрім Құдайбердіұлының философиялық сұрақтары төңірегінде терең ойға батқанын жеткізді. Өзі де кезінде жастарға ақыл айтып жүріп, осы қадамға қалай барып қойғанын саралай келе, басынан өткен ауыр кезеңдер мен ішкі арпалысын қағазға түсіруді жөн көрген.
«Менен Аман Тасыған бауырымыз: «Мынаның барлығының сценарийін кім жазды?» — деп сұрайды. Мен оған: «Өмір жазып беріп жатыр», — деймін. Негізі, мен «кітап жазамын» деп мүлдем ойламаған адаммын. Осы құмар ойын туралы кітаптың жалпы шығу тарихы — ұшақта ары-бері ұшып жүрген кезімізде ойға келетін мынадай сұрақтардан басталды. Мысалы, Шәкәрім атамыз айтқандай: «Келдім қайдан? Нетсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» деген сияқты сұрақтар мазалайды. «Келген жағың белгілі... Енді дені сау адамның асын ішіп, жындының қылығын жасап жүргенім қалай, неге ондаймын? Кезінде құмар ойын туралы балаларға ақыл айтқан адамдардың бірі едім. Неге мен ойнап кеттім?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеген кезімде, оның нәтижесі «Ақ пен қара» деген кітап болып шықты. Бүкіл ойымды осы кітапқа тізіп жаздым», — деді Бағлан Әбдірайымов.
Сондай-ақ Бағлан Әбдірайымов кейіннен жарық көрген туындыны да осы кітаптың негізінде түсіргенін атап өтті. Ол өмірлік минустарын плюсқа айналдырып, құмар ойынның кесірінен үйренген айла-тәсілдері мен сөйлеу шеберлігін кино өнеріне дұрыс бағытта қолдана білген.
«Енді кино қалай түсірілді? Кино осы кітаптың негізінде түсірілді. Кітапты оқыған оқырмандар мұның дайын сценарий екенін айтты. Сөйтіп, осы өмірімде жіберген, құмар ойынның кесірінен кеткен қателіктерімді пайдалана отырып, кино түсірдік. Жалпы жағдайды мен былай түсіндіріп берейін. Адам құмар ойынға не үшін барады? Әрине, ақша табу үшін барады. Кейін ақша табу мақсатында тәуекелге бел буып, бәс тігеді. Одан кейін сол ақшаны шығару үшін бүкіл сөйлеу өнерін қосып, алдап, арбап, адамдарды басқара бастайды. Осы қасиеттердің барлығын плюсқа айналдырсаң, бұл кәсіпкерлерге немесе жақсы өмір сүру үшін өте қажетті құралдарға айналады. Мен дәл осы тәжірибемді кино түсіру барысында қолдандым. Яғни, «кино түсіремін» деген идеяма маған қаражат берген жігіттерді сендіре алдым. Сосын ол қаражатты алдым да, оны іске асыру үшін жаңағыдай сөйлеу өнерімді, сөйлеу шеберлігімді қолдандым. Осы шеберліктің арқасында өз идеямды түсіндіріп, қаражат жинадым. Ақша табу үшін оны киноға салып, фильм түсірдім. Бірақ бұл жерде нәтиже мүлдем басқаша болып шықты. Оның нәтижесі ел-жұртқа, қоғамға пайда әкелу болып өзгерді», — деді әнші.
Бүгінде өнер иесі бұл тақырыптың есігін біржолата жапқанын және құмар ойын туралы сұқбаттардан үзілді-кесілді бас тартатынын мәлімдеді.
«Дәл сол сияқты, барлық минустарды плюсқа айналдырудың арқасында соңында үлкен кино туындысы жарық көрді. Одан кейін құмар ойынға байланысты біраз жеке кездесулер де өтті. Біз қазақ болғаннан кейін, кейде мұндай жағдайлар жүрегімізге қатты тиеді. Маған: «Балам осындай болып жатыр», «Күйеуім осы жолға түсіп кетті», — деп келетіндермен жеке кездесіп сөйлестім. Сөзді дұрыс түсінгендер түсінді, ал түсінбегендер өмірлерін өзгерткен жоқ. Кейін мен бұл кездесулерді де тоқтаттым. Өйткені құмар ойын тақырыбындағы есіктерді біржолата жабу керек болды. Мен біреуге бұл жолдың дұрыс емес екенін түсіндіруім үшін қайтадан өткен өміріме оралуым керек, барлығын еске түсіріп, қайтадан айтып беруім қажет. Мен де ет пен сүйектен жаралған адаммын ғой. Сондықтан қолымнан келгеннің барлығын жасадым деп есептеймін. Керек адам кітапты оқысын, қалаған адам YouTube-те тұрған киноны барып көрсін. Бұл тақырыпты енді қайта қозғамауды жөн көрдім. Қазір де талай құмар ойын туралы сұқбаттар мен бағдарламаларға шақырады, бірақ мен оларға бармаймын», — деді Бағлан Әбдірайымов.
Соңғы жаңалықтар