Киік еті супермаркеттерге түсуі мүмкін

04.11.2025 14:22 Арман Ермеков
Киік еті супермаркеттерге түсуі мүмкін
0
183
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық супермаркеттердің сөрелерінде киік еті пайда болуы мүмкіндігі туралы сұраққа Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жауап берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Вице-министр киік етінің сатылуына қатысты ешқандай қауіп жоқ екенін айтып, оның қауіпсіздігіне толық сенім білдірді. Оның айтуынша, барлық сою пункттерінде ветеринариялық бақылау жүргізіліп жатыр.

"Кез келген шектеу енгізер алдында мониторинг жасалады. Барлығы бақылауда: ауру бар ма, жоқ па – бәрін қадағалап отырамыз. Қазіргі уақытта алаңдауға негіз жоқ, сондықтан етті сату шектеусіз жүргізіліп жатыр", – деп атап өтті Бердалин.

Ол сондай-ақ қазіргі таңда киік етін 15 ет комбинаты өңдеп жатқанын да сөз арасында қосып өтті.

Киік етінен бөлек, жиында Жаңа жылға дейінгі және мерекеден кейінгі жалпы ет бағасының жайы да сөз болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың өзі айтып, халықты сабырға шақырды. Ведомство басшысы жалпы ет бағасының күрт қымбаттауы күтілмейтініне сендірді. Оның айтуынша, сыртқы нарықтарда сұраныс өскенімен, бағалар қазір тұрақтанып келеді.

Министрліктің дерегінше, қазіргі уақытта еттің орташа құны – шамамен 3 249 теңгені құрайды. Дегенмен, дүкендер мен базарларда баға 3,5-3,6 мың теңге аралығында ауытқиды. Ал ерекше кесілген сүбелі еттің бағасы 4-5 мың теңгеге дейін жетеді.

Ведомство бағаға қатысты нақты болжамдарды айтуға асықпайды, бірақ оны ұстап тұруға уәде беріп отыр. Ол үшін шет елге тірі мал шығарылмайды, ал ет экспорты тек арнайы квота арқылы жүзеге асырылады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий