Көк туды көлігіне ілгендерге тиіскен төрт полицей жұмыстан қуылды
Мемлекеттік ту таққан көліктерді тоқтатқан төрт полицей қызметінен босатылды, деп хабарлайды Politico.kz порталы kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік тумен безендірілген көліктерді заңсыз тоқтату фактілері бойынша қызметтік тексерісті аяқтады. Тексеру нәтижесінде бірқатар құқық қорғау органының қызметкері жазаланып төртеуі жұмыстан шығарылды.
Мереке күндері әлеуметтік желіде жүргізушілердің шағымы тараған болатын. Қазнет қолданушылары көк байрақ ілген темір тұлпарларын жол-патрульдік полиция өкілдерінің себепсіз тоқтатқанын жазған еді. Ведомство бұл жағдайға байланысты ресми түсініктеме беріп автокөлікті тумен безендіру заң бұзушылық болып саналмайтынын мәлімдеген.
Дегенмен мерекелік шаралар кезінде кейбір азаматтардың жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны анықталды. Олар өзге жүргізушілерге кедергі келтіріп көшелерді жауып тастаған. Республика бойынша полиция қызметкерлері осындай сексен екі деректі тіркеп тиісті шаралар қабылдады.
Сонымен қатар жүргізілген тексеріс жұмыстары Алматы және Шымкент қалаларында тәртіп сақшылары тарапынан заңсыз әрекеттерге жол берілгенін растады. Қызметтік тергеу қорытындысымен сегіз қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында басшылық құрам өкілдері де бар және оларға сөгіс пен қатаң сөгіс жарияланды. Ал төрт қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылды.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға және жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.
Соңғы жаңалықтар