Көкшетауда бес елдің 765 киберспортшысы бақ сынаған ауқымды турнир өтті

07.07.2026 19:08 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Көкшетауда бес елдің 765 киберспортшысы бақ сынаған ауқымды турнир өтті
49
Фото: Қазақтелеком

Көкшетауда Орталық Азияның бес елінен 765 ойыншы қатысқан Akmola International Esports Cup 2026 киберспорт турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан өкілдері қатысты. Олар төрт негізгі бағыт бойынша бақ сынады. Тартысты ойындардың нәтижесінде Counter-Strike 2 дисциплинасында OMEGA тобы, Mobile Legends бағытында HOG RIDER, ал PUBG Mobile бойынша FREE MIGRANTS командасы жеңіске жетті. Сонымен қатар Clash Royale сайысында Мирас Құсайынов топ жарды.

Бұл ауқымды шараның бас серіктесі ретінде елдегі ірі байланыс операторы "Қазақтелеком" қолдау көрсетті. Компания турнир барысында тек сапалы желі тартып қана қоймай, бизнеске арналған жасанды интеллект шешімдерін, оның ішінде ақылды бейнебақылау жүйелерін көпшілікке таныстырды.

"Киберспорт – цифрлық технологиялар мен жастар аудиториясы табиғи түрде тоғысатын орта. Турнир бойы деректердің үзіліссіз берілуін және желілік инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз еткен инженерлеріміздің еңбегін ерекше атап өткім келеді", – деді "Қазақтелеком" АҚ корпоративтік бизнес дивизионының бас директоры Асқар Қайыров.

Шараның финалдық кезеңіне Президент көмекшісі Қуанышбек Есекеев пен Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов арнайы барып қатысты. Турнирді Qazaq Cybersport Federation ұйымы облыстық цифрландыру басқармасымен бірлесіп, жергілікті әкімдіктің қолдауымен өткізген.

Войдите, чтобы оставить комментарий