«Менің күйеуім кінәлі емес»: 14 сарбаздың қазасынан кейін ұсталған Хайрушевтің әйелі үн қатты

27.09.2026 • 13:38 Қарақат АСЫЛОВА
«Менің күйеуім кінәлі емес»: 14 сарбаздың қазасынан кейін ұсталған Хайрушевтің әйелі үн қатты
448
Әлеуметтік желіден

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты ұсталған Данияр Хайрушевтің әйелі әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол жұбайының кінәсі дәлелденбей тұрып, оны айыптамауға шақырды.

«Менің күйеуім кінәлі емес. Ол бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады және осы жылдар бойы өз міндетін абыроймен атқарды. Ол болжамдар мен өзгенің сөзіне сүйеніп айыпталуға емес, тыңдалуға лайық», – деп жазды ол.

Әйелінің айтуынша, егер Хайрушевке қатысты қандай да бір талап немесе кінә тағылса, оның нақты негіздері көрсетіліп, тиісті фактілермен расталуы керек.

«Мен ерекше қарым-қатынас сұрамаймын. Мен әділ әрі объективті тергеу жүргізілуін сұраймын. Барлық мән-жай анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуді және оны кінәлі деп атамауды сұраймын», – деді ол.

Сондай-ақ Данияр Хайрушевтің отбасы ашық диалогқа дайын екенін, алайда бұл процесс заң аясында және өзара құрмет негізінде жүргізілуі керектігін атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий