«Көмектесемін» деп жақындаған: Талғарда 8 жастағы қызға тиіскен күдікті ұсталды

29.08.2026 15:34 Қарақат АСЫЛОВА
«Көмектесемін» деп жақындаған:  Талғарда 8 жастағы қызға тиіскен күдікті ұсталды
172
Ашық дереккөз

Талғар қаласында 8 жастағы қызға қатысты орын алған оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.

Күдікті ер адам оқиғадан екі күн өткен соң ұсталған. Оқиға 24 тамызда болған. Бала құрбысының үйінен велосипедпен қайтып келе жатқан кезде, ер адам оған жақындап, велосипедін жөндеуге көмектесетінін айтқан. Кейін күдікті қызды оңаша жерге алып барып, оған қатысты әдепсіз әрекеттер жасауға әрекеттенген.

Алайда бала ер адамнан қашып, үйіне жеткен. Ол болған жағдайды ата-анасына айтып берген. Отбасы дереу полицияға хабарласқан.

Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін адам өлтіргені үшін сотталғаны белгілі болған. Қыздың ата-анасы істің әділ әрі қатаң қаралуын талап етіп отыр.

Алматы облысының полиция департаменті күдіктінің анықталып, полицияға жеткізілгенін мәлімдеді.

«Қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деп хабарлады ведомство.

Қылмыстық іс кәмелетке толмаған балаға қатысты азғындық әрекеттер жасау фактісі бойынша тергеліп жатыр. Соңғы процессуалдық шешім тергеу нәтижесіне қарай қабылданады.

Войдите, чтобы оставить комментарий