“Күтпеген бала” болсам, не болыпты?" — Арсен Алагөзов әкесінің сөзіне қатысты пікір білдірді
Белгілі кәсіпкер Тұрсен Алагөзовтің ұлы Арсен Алагөзов әкесімен 8 жыл бойы араласпаған. Ол тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында өткенге өкінбейтінін және болған жағдайдың бәрін өмірлік тәжірибе ретінде қабылдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол бұл жолдан бәрі де шамасы келгенше жүріп өткенін айтып, өткен іске өкінудің еш пайдасы жоқ екенін жеткізді.
“Мен мұның бәрін тәжірибенің бір бөлігі деп есептеймін. Ештеңеге өкінбеймін. Әрине, кейде “бәрі басқаша болуы мүмкін еді” деп ойлайсың. Бірақ одан не өзгереді? Біз бұл жолдан өтіп қойдық. Өкінуге уақытым да, күшім де жоқ. Қалай болды, солай болды”, дед ол.
Бүгінде Арсеннің әкесіне қатысті ешқандай сұрағы қалмаған. Ол Тұрсен Алагөзовті өзіндік мінезі бар адам, керемет кәсіпкер әрі көпке көмектескен қамқор жан ретінде сипаттады. Бала кезінде әке назары жетіспеген кездер болса да, ол тағдырдың әртүрлі болатынын айтып, өз өміріне шүкіршілік ететінін білдірді.
Бұған дейін Тұрсен Алагөзов сұхбаттарының бірінде ұлын алғаш рет екі жасында көргенін және оны “күтпеген бала” деген сарында сипаттаған еді. Арсен бұл сөздерге қатысты өзінің үлкен махаббатпен дүниеге келгеніне сенімді екенін ашық айтты.
"Әкем Әмина екеуміз туралы айтқанда, мені екі жасымда алғаш көргенін, ол кезде Қытайда болғанымды айтты. Бірақ мен бір нәрсеге сенімдімін: мен үлкен махаббатпен дүниеге келдім. Ол жай ғана мұны есінде сақтамаған шығар”- деді Арсен.
Оның айтуынша, бұл сөздерден бұрын, отбасылық жеке тақырыптың бүкіл ел алдында жария түрде талқыланғаны жанына батқан. Дегенмен ол бұл әңгімелерден қашпайтынын және ешқандай өкпе-құпиясы жоқ екенін баса айтты.
Сонымен қатар ол әкесінің ұлын жұмыстан алып тастау туралы айтқан мәлімдемесіне де түсіністікпен қарайды. Арсен жауапкершілігі бар қызметте туыстық қатынасқа емес, тек қана нәтижеге қарау керек деп есептейді.
“Әкемнің бұл сөзін зауытта да адамдар талқылады. Ал мен іштей: егер адам жұмысын алып жүре алмаса, оны неге қинау керек деп ойладым. Біз мұнда тақта отырған жоқпыз. Біз ақша табамыз, адамдарға жалақы төлейміз. Егер мен өз міндетімді орындай алмасам, әкемнің ұлы болсам да, мені бұл қызметте ұстап отырудың қажеті жоқ”- деді Арсен.
Сондай-ақ ол желідегі халықтың өзін аяғанын қаламайтынын, өзін тағдырдың құрбаны емес, керісінше, мықты әрі сенімді жігіт ретінде сезінетінін жеткізді.
“Кейін әкем мен Амина туралы айтқан подкаст шыққанда, адамдардың мені аяй бастағанын байқадым. Ал мені біреу аяса, өзімді жайсыз сезінемін. “Күтпеген бала” болсам, не болыпты? Мен махаббатпен дүниеге келдім. Алла маған бәрін берді. Өзімді мықты, сенімді жігіт ретінде сезінемін. Сондықтан бәрі жақсы. Мені аяудың қажеті жоқ. Мен аяйтын адам емеспін”, - деді Арсен.
Соңғы жаңалықтар