«Күйеуінен таяқ жеген»: Алматы облысында екі жасар егіздердің анасы өзіне қол жұмсады

19.08.2026 09:03 Әсел МҰРАТ
«Күйеуінен таяқ жеген»: Алматы облысында екі жасар егіздердің анасы өзіне қол жұмсады
213
Фото: instagram.com/nemolchikz_official

Алматы облысында екі баланың анасы қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел өзіне қол жұмсаған. Марқұмның туыстары оның өліміне дейін келіншектің күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін айтып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы «НемолчиKZ» қоры хабарлады. Қорға марқұмның туыстары жүгініп, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін сұраған.

Қордың мәліметінше, 23 шілдеде әйел мен күйеуінің арасында жанжал болып, ер адам әйелін ұрып-соққан. Соның салдарынан оның қолы сынғаны айтылған. Ал 26 шілдеде әйел көз жұмған.

Қазіргі уақытта іс Қылмыстық кодекстің 105-бабы, яғни «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша тергеліп жатыр.

Марқұмның туысының айтуынша, әйел болған жағдайды ата-анасына айтуға ұялып, жақындарынан жасырып келген. Оның сөзінше, қайғылы жағдайға дейін шамамен бір сағат бұрын ғана әпкесі немесе сіңлісіне өзінің күйеуінен көрген қорлығы туралы айтып берген.

«23 шілдеде күйеуімен жанжалдасып, күйеуі оны ұрып-соғып, қолын сындырған. Ол ата-анамызды уайымдап, болған жағдайды ешкімге айтпаған. Қайғылы оқиғаға дейін бір сағат бұрын маған бәрін айтып берді», – деп жазылған туысының хатында.

Марқұмның артында екі жасар егіз баласы қалғаны хабарланды. Туыстары балалардың тағдырына да алаңдап отыр.

Қайтыс болған әйелдің жақындары істің барлық мән-жайын анықтап, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісіне құқықтық баға беруді талап етуде.

Әзірге Алматы облысының полиция департаменті аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий