Лифтте қызға тиіскен алматылыққа сот үкімі шықты
Алматыда лифті ішінде кәмелетке толмаған қызға тиіскен 23 жастағы Дінмұхаммад Жармұхамбетовке 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 6 тамызда «Мега Тауэрс» тұрғын үй кешенінде болған. Козачковтың жазуынша, ер адам қыздың соңынан лифтке кіріп, оған қол жүгірткен. Есік ашылғанда қыз қашып шығып, бірден әкесіне қоңырау шалған. Әкесі полицияға жүгінгеннен кейін күдікті ұсталған.
Жармұхамбетов кінәсін мойындамаған. Ол қыздан сағат неше болғанын сұрағанын, кейін смартфон экранындағы сандарды көру үшін жақындағанын айтқан.
Алайда журналистің мәліметінше, бейнебақылау камерасы оның сөзін жоққа шығарған. Жазбада ер адамның қызды ұстап алғаны, қыздың лифт қабырғасына қарай шегініп, есік ашылған соң жүгіріп шыққаны көрінеді.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 121-1-бабы, яғни «16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу» бойынша кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындаған.
Бұл бапта 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамаққа алу секілді жазалар қарастырылған. Алайда қамаққа алу жазасын қолдануға қатысты уақытша шектеу 2030 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылған. Тиісті өзгеріс биыл жазда қабылданған.
Козачков мұны жаздағы рақымшылыққа байланысты заңнамалық өзгерістермен түсіндіреді. Оның айтуынша, елде қамаққа алынғандарды ұстайтын арнаулы қабылдау орындары жеткіліксіз, сондықтан оларды салуға қосымша уақыт берілген.
Журналист Жармұхамбетовтің бұған дейін де сотталғанын жазады. 2025 жылы ол есірткіні жарнамалағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасының бір бөлігін түрмеде өтеген. Қалған мерзімін шартты түрде өтеп жүрген.
Козачковтың мәліметінше, тамызда ол Түркістан облысының пробация қызметінде есепте тұрған. Журналист жаңа үкімнен кейін оның бұрынғы жазасының қалған бөлігін өтеу үшін түрмеге қайтарылуы мүмкін бе деген сұрақ көтереді.
Еске салайық, Шымкентте 8 жастағы қызға тиіскен ер адамға бастапқыда айыппұл тағайындалып, кейін үкім қайта қаралған соң ол 7,5 жылға сотталған еді.
Соңғы жаңалықтар