16 миллион қазақстандықтың дерегінің таралуы: министрлік тергеудің қалай аяқталғанын білмейтін болып шықты

06.10.2026 • 11:14 Мөлдір ҚАЙНАР
16 миллион қазақстандықтың дерегінің таралуы: министрлік тергеудің қалай аяқталғанын білмейтін болып шықты
140
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

16 миллион қазақстандықтың дербес деректері ғаламторға тарап кеткеннен бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл іс бойынша жүргізілген тергеудің қалай аяқталғанынан бейхабар, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомствоның бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, бұл оқиғаға қатысты тексеру мен тергеу шараларын Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген:

«Бұл қылмыстық істің қалай аяқталғаны жөнінде бізде ақпарат жоқ. Біз өз тарапымыздан тек осындай келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған реттеу шараларын қабылдап жатырмыз», – деді вице-министр.

Еске салсақ, 16 миллион отандасымыздың жеке ақпараты желіге шығып кеткені 2025 жылдың маусымында белгілі болған еді. Кейін, 2026 жылдың сәуірінде ҰҚК сотқа дейінгі тергеудің әлі жүріп жатқанын хабарлап, бірақ істің мән-жайын құпия ұстаған болатын.

Бұған дейін өткен Құрылтай отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов дербес деректерді заңсыз тарату бойынша үш күдіктінің үстінен тергеу басталғанын мәлімдеген. Алайда журналистердің сол үш адамның осы 16 миллион қазақстандықтың ісіне қатысы бар-жоғы туралы сұрағына Цифрлық даму министрлігі нақты жауап бере алмады. Ростислав Коняшкин бұл істі тек ҰҚК қарағанын айтып, оның соңғы нәтижесі туралы мәліметтен хабарсыз екенін қайталаумен ғана шектелді.

Войдите, чтобы оставить комментарий