Мәди Такиев келер жылдардың бюджеті қайда жұмсалатынын айтты
Қазақстан үкіметінің отырысында 2027 жылға арналған республикалық бюджеттің шығысы 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Жиын барысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен бюджет жобасы қаралды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәлімдеуінше, келесі жылы мемлекеттік бюджет түсімі 25,6 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімнің 12,9% деңгейінде болжанып отыр. Ал бюджет тапшылығы 2,3% шамасында қалады. Жалпы шығыс көлемі биылғы жоспардан 2,5 трлн теңгеге артып отыр.
Бұл қаражатты толықтыру үшін Ұлттық қордан 2,4 трлн теңге кепілдендірілген трансферт алынады. Ал аса маңызды нысандар мен ұлттық жобаларға 2 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған.
«Бюджетті қалыптастырудың маңызды ерекшелігі: шығыстар өсуін жабу ғана емес, ресурстарды ең алдымен мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, экономиканы, өңірлерді және адами капиталды дамытуға бағыттай отырып, бюджет қаражатының әрбір теңгесінен түсетін табысты арттыруда жатыр», – деді Мәди Такиев.
2027 жылы 14,4 трлн теңгеден астам қаржы әлеуметтік сала мен экономиканың нақты секторына жұмсалады. Оның ішінде әлеуметтік саланы қаржыландыруға 10,5 трлн теңге көзделген. Бұл жалпы шығыстың 34,9%-ын құрайды. Халықты қолдау төлемдерін индекстеуге және алушылар санының өсуіне байланысты бұл салаға қосымша 739 млрд теңге бөлінген.
«Экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығыстары 3,8 трлн теңгені құрайды, бұл – шығыстардың жалпы көлемінің 12,9%-ы, әрі осы жылдың деңгейінен 507 млрд теңгеге артық. Ұлғаю, ең алдымен, ел экономикасы үшін жүйелі маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырумен байланысты. Жалпы ЖАО-лардың даму бюджетін қоса алғанда, нақты секторды қолдауға жұмсалатын шығыстар шамамен 7 трлн теңгені құрайды», – деп атап өтті Мәди Такиев.
Сондай-ақ жиын барысында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканы өсірудің басты бағыттарын баяндады.
Үкімет отырысына төрағалық еткен премьер-министр Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын еске салды. Ол қаржыны сапалы жоспарлап, республикалық және жергілікті деңгейдегі теңгерімді қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Үкімет басшысы жұмсалған әрбір теңгенің қайтарымын арттырып, қаржылық тәртіпті күшейтуді қатаң тапсырды.
Соңғы жаңалықтар