Яндекс сервистері неге дұрыс істемей жатыр? Компания ресми түсініктеме берді

09.10.2026 • 21:26 Қарақат АСЫЛОВА
Яндекс сервистері неге дұрыс істемей жатыр? Компания ресми түсініктеме берді
264
Ашық дереккөз
Яндекс сервистеріндегі ақаулардың себебі белгілі болды

Қазақстанда соңғы уақытта Yandex Go және Yandex Pro қосымшаларын пайдаланушылар олардың тұрақсыз жұмысына шағымданып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Кейбір сервистердің бірде істеп, бірде істемейтініне байланысты Яндекс компаниясының басшылығы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.

Компанияның мәліметінше, 7 қазаннан 8 қазанға қараған түні Ресейдің Сасово қаласындағы деректер орталығы ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылынан қатты зақымданған. Соның салдарынан орталықтың жұмысы толығымен тоқтаған.

Бұдан бөлек, 8 қазан күні таңертең Калуга қаласындағы тағы бір деректер орталығына шабуыл жасалып, инфрақұрылымның бір бөлігі істен шыққан. Компанияның хабарлауынша, екі орталықта да қызметкерлер зардап шекпеген. Қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі мен Яндекс мамандары жұмыс істеп жатыр.

Компания өкілдері деректер орталықтарын сервистердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін негізгі инфрақұрылым деп атады. Олардың жұмысының бұзылуы күнделікті миллиондаған адам пайдаланатын қызметтерге әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, пайдаланушылар жолдағы кептелісті тексеріп, бағыт құрады, музыка тыңдайды, фильм көреді және азық-түлікке тапсырыс береді. Сондай-ақ бұл технологияларды жүздеген мың компания өз жұмысында пайдаланады.

Яндекс командасы сервистердің жұмысын қалпына келтіру үшін мамандардың тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Алайда деректер орталықтарындағы жабдықтардың қашан толық қалпына келтірілетіні әзірге белгісіз.

Компания жағдайды бақылап отырғанын және жаңа ақпарат пайда болған сайын қосымша мәлімет беретінін мәлімдеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий