Алдағы 3 жылда Қазақстан экономикасы қалай дамиды
2027–2029 жылдары Қазақстанның ішкі жалпы өнімі жылына орта есеппен 5%-дан астам өсіп, 245 трлн теңгеге жетеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралды.
Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай бюджет қаржысын сапалы жоспарлау қажет екенін айтты. Ол республикалық және жергілікті деңгейдегі теңгерімдікті сақтай отырып, қаражатты тиімді бөлуді баса атап өтті.
Негізгі баяндаманы жасаған Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканы өсірудің басты бағыттарын баяндады.
«Номиналды ЖІӨ 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі мұнай емес секторлардағы өндірістің ұлғаюымен байланысты. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінен озып кететін болады. Өңдеудің өсуіне негізінен металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру салалары үлес қосады», – деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы да негізгі өсім драйверіне айналмақ. Бұл салада жыл сайын кемінде 5% өсім қамтамасыз етіледі. Құрылыс секторы көлік-логистика, энергетика, су, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым есебінен дамиды. Оның өсу қарқыны 2027 жылғы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін артады.
Қызмет көрсету саласында да оң динамика күтілуде. Сауданың орташа жылдық өсімі 5,7% деңгейінде болжанады. Көлік пен қоймаға жинау саласы 10,4%-ға, ал ақпарат пен байланыс 9,2%-ға ұлғаяды.
Сыртқы сауда балансы оң көрсеткішті сақтайды. Тауарлар экспорты 2027 жылғы $82,8 млрд-тан 2029 жылы $88,5 млрд-қа дейін өседі. Ал импорт $80,5 млрд-тан $88,4 млрд-қа дейін ұлғаяды.
Сонымен бірге инфляция деңгейі де кезең-кезеңімен бәсеңдейді. Инфляция дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5% деңгейінде белгіленді. Ал 2028-2029 жылдары бұл көрсеткіш 6-8%-ға дейін төмендейді.
Экономикалық саясаттың маңызды бағыты – бюджет тапшылығын азайту.
«Мемлекеттік қаржының орнықтылығын қолдау үшін бюджет тапшылығы 2027 жылы ЖІӨ-ге қатысты 2,3% деңгейінде болады айқындалды, ал 2029 жылы 0,4%-ға дейін төмендейді. Мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 5,3%-дан 2,5%-ға дейін төмендейді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңгені, 2028 жылы 29,4 трлн теңгені және 2029 жылы 29,6 трлн теңгені құрайды», – деді Серік Жұманғарин.
Қаржылық болжамға сәйкес, республикалық бюджеттің кірістері 2027 жылы 19,9 трлн теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш 2028 жылы 21,7 трлн теңгеге жетіп, 2029 жылы 23,4 трлн теңгеге дейін өседі.
Базалық сценарий орындалса, Ұлттық қордың валюталық активтері 2027 жылғы $65,2 млрд-тан 2029 жылы $70,6 млрд-қа дейін артады.
«Базалық сценарий кезінде Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге және 2029 жылы 5,7 трлн теңге деңгейінде болады деп болжанып отыр. Ұлттық қорға түсетін таза түсімдер 2027 жылы 0,5 трлн теңге, 2028 жылы 1,4 трлн теңге және 2029 жылы 2,0 трлн теңге мөлшерінде болжануда», – деді өзінің баяндамасында Серік Жұманғарин.
Бюджеттік қағидаларға сай республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт мөлшері анықталды. Ол 2027 және 2028 жылдары жыл сайын 2,4 трлн теңгені құрайды. 2029 жылы бұл сумма 2 трлн теңгеге дейін азаяды.
Сонымен қатар инфрақұрылымдық нысандар мен маңызды жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан нысаналы трансферт тартылады. Оның көлемі 2027 жылы 2 трлн теңге болса, 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге деңгейінде белгіленді.
Соңғы жаңалықтар