"Маған күйеуімнің бірінші әйелі сиқыр жасаған": Индира Расылхан жеке өмірі туралы айтты
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы болғанымен, соңғы уақытта сахнадан көрінбей кеткен әнші Индира Расылхан жеке өміріне қатысты бұрын-соңды айтылмаған сырын бөлісті. Ол журналист Жанар Байсемізованың YouTube арнасына берген сұхбатында басынан өткен ауыр кезеңдерді еске алды, деп хабарлайды Politico.kz
Әншінің айтуынша, отбасылық өмірінде түсініксіз әрі үрейлі жағдайлар жиі қайталанған, ал оның себебі кейін белгілі болған.
«Маған күйеуімнің бірінші әйелі сиқыр жасаған. Бұл туралы мен ол кісінің жеңгесі арқылы білдім. Түркияда жүргенімде бір әйел хабарласып, “саған сиқыр жасаған адамды білемін, шындықты айтқым келеді” деді. Кейін бәрі күйеуімнің бірінші әйелі екені анықталды. Экс-күйеуін қызғанған сияқты», – дейді Индира Расылхан.
Өнер иесі жүктілік кезеңінде көрген қысымын да жасырмай айтты.
«Егіз қыздарыма аяғым ауыр кезде күйеуім мені көрсе жын көргендей болатын. “Үйден кет, әйтпесе бір күні өлтіріп қоюым мүмкін” деп айта беретін. Мен іштей күйзеліп, жылаумен жүрдім. Ақыры аяғым ауыр кезде үйден қуып шықты. Ол кезде не болып жатқанын мүлде түсінбедім», – деп еске алады әнші.
Сұхбат барысында Индира Расылхан экс-күйеуімен қалай танысқанына да тоқталды. Оның айтуынша, ол кезде өзі тым жас болған.
«Мен ешкімнің отбасын бұзғым келген жоқ. Ол кезде небәрі 18 жаста едім, ал экс-күйеуім 30-да болатын. Ол маған сезімінің шынайы екенін айтып, екінші әйелі болуға көндірді. Бірақ бірінші әйелінен ажыраспайтынын, оны тастамайтынын ашық айтты», – дейді ол.
Әншінің бұл ашық әңгімесі желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, түрлі пікір тудырды.
Соңғы жаңалықтар