«Маған өлім жазасын беріңіз»: Атырауда әйелін өлтірген ер адам сотта күтпеген мәлімдеме жасады

07.06.2026 15:35 Қарақат АСЫЛОВА
«Маған өлім жазасын беріңіз»: Атырауда әйелін өлтірген ер адам сотта күтпеген мәлімдеме жасады
748
Фото: Сәрсен Утеулиев
Әйелін өлтіргенін мойындаған ер адам өзіне ең қатаң жаза сұрады

Сот отырысында айыпталушы Сәрсен Утеулиев өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол тіпті өзіне ең қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Сот процесі кеш басталды. Бұған сотталушының денсаулығы сыр беріп, оған жедел жәрдем шақырылуы себеп болған. Кейін жағдайы тұрақталған соң, ол сот алдында жауап берді.

Айыпталушы жұбайын қызғаныш салдарынан өлтіргенін мойындады. Оның сөзінше, әйелінің опасыздық жасағанына немесе басқа адаммен қарым-қатынаста болғанына қатысты нақты дәлелі болмаған. Ол мәселенің өз бойындағы шектен тыс қызғаныштан туындағанын айтты.

Сот барысында Утеулиевтің жұбайын үнемі бақылауда ұстағаны белгілі болды. Ол үйіне бейнекамералар орнатып, әйелінің жүрген жерін бақылап отырған. Сондай-ақ марқұмды мектептегі әріптестерінен де қызғанғаны айтылды.

Судья Зарема Хамидуллина сот отырысында шынайы сүйіспеншілік адамның амандығы мен бақытына негізделуі тиіс екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр. Сот барлық дәлелдер мен тараптардың уәждерін зерттегеннен кейін түпкілікті шешім шығарады.

Войдите, чтобы оставить комментарий