"Махаббат жасқа қарамайды": 67 жастағы анасын тұрмысқа берген азамат жұртты сүйсіндірді
Желіде 67 жастағы анасына ерекше той жасап, ұзатқан қазақстандық азаматтың әрекеті көпшіліктің ықыласына бөленіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz
Қуанышты жаңалықпен кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің қызы Зере Шәкерхан бөлісті. Оның айтуынша, 67 жастағы қалыңдық пен оның құрдасы осы жаста өмірлік серігін жолықтырған. Тойханаға қалыңдық бір жағында болашақ жары, екінші жағында немересінің сүйемелдеуімен кіріп, жиналғандардың ерекше ықыласына бөленді.
Салтанатты кеште корей халқының дәстүрлі салт-дәстүрлері орындалып, ұлттық әндері шырқалды. Жиын барысында күйеу жігіт сүйіктісіне жүрекжарды сезімін білдірді.
"Олечка, мен сені қатты жақсы көремін. Қалған ғұмырымды тек сенімен бірге өткізгім келеді", – деді ол.
Тойда Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен танымал әнші Анатолий Цой өнер көрсетіп, жас жұбайларға музыкалық шашу шашты.
Желі қолданушылары бұл оқиғаны махаббаттың жас талғамайтынының дәлелі деп бағалап, анасының бақыты үшін бас қосу ұйымдастырған баласына ақ тілектерін жаудырды.
"Керемет әсер алдым! Осындай тамаша ұл тәрбиелеген анаға тәнтімін. Жас жұбайларға бақыт тілеймін", – деп жазды оқырмандардың бірі.
Соңғы жаңалықтар