Маңғыстауда құмар ойынға бәс тіккен шенеунік қызметінен қуылды
Маңғыстау облысында мемлекеттік қызметші болмашы ақша үшін қызметімен қош айтысты. Ол букмекерлік кеңседегі шотын 1000 теңгеге жетпейтін сомаға толтырғаны үшін жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Lada.kz.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментінің айтуынша, оқиға Бейнеу ауданында болған. Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкеріне қатысты жүргізілген қызметтік тексеріс оның құмар ойынға қатысы бар екенін дәлелдеді. Нәтижесінде, тәртіптік кеңестің шешімімен шенеунік қызметінен босатылды.
Тексеріс материалдарына сүйенсек, экс-шенеунік букмекерлік кеңсеге сонау 2023 жылдың сәуір айында тіркелген екен. Бірақ оның мансабына нүкте қойған жағдай биыл, 2025 жылдың қыркүйек айында орын алған.
Қызметкер ойын шотына небәрі 750 теңге салып, бәс тіккен. Осы бір болмашы сома мен бір сәттік әуестік оның мемлекеттік қызметтегі жолын кесті.
Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, бұл жерде ақшаның көлемі маңызды емес, заңның бұзылу фактісі маңызды. Еске сала кетейік, 2024 жылдың 9 қыркүйегінен бастап елімізде жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер күшіне енген болатын.
Бұл құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге, әскерилерге және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға қатаң тыйым салынған.
Соңғы жаңалықтар