Маңғыстауда тұрғын үй маңында зейнеткер қансырап жатқан жерінен табылды
Ақтауда тұрғын үй маңынан ауыр жарақат алған 68 жастағы ер адам табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға қаланың 11-шағынауданында болған. Куәгерлердің айтуынша, ер адамның қолы мен мойын тұсында жарақаттар болған. Оқиға орнынан пышақ табылған. Дәрігерлер жеткен кезде зейнеткер көп қан жоғалтқандықтан, шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, операция бөліміне жатқызылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам есту және сөйлеу қабілетінде қиындықтары бар азаматтардың қатарында болған. Туыстарының сөзінше, ол үйден шығар алдында жақындарымен қоштасып кеткен. Жақындары оқиғаға дейін ер адамның есту аппараты істен шыққанын айтқан. Мұндай құрылғылар есту қабілеті төмен адамдар үшін қоршаған ортамен байланыс орнатудың негізгі құралы саналады. Оның бағасы да қымбат екені белгілі.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар